Кәсіпорындар үшін жаңа мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалуда
Қазақстанда шағын және орта бизнесті дамыту үшін түрлі қолдау тетіктері жүзеге асырылуда. Соның бірі – кәсіпкерлерге дайын инфрақұрылым ұсынылып, жеңілдіктер қарастырылған арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар.
Бүгінде Қазақстанда 16 арнайы экономикалық аймақ және 55 индустриялық аймақ жұмыс істейді. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл аумақтарда кәсіпкерлер өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, логистика және қалдықтарды басқару салаларында өз ісін ашып, дамыта алады.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту дирекциясының басшысы Ерасыл Мұратбек еліміздегі индустриялық аймақтардың түрлері мен ерекшеліктері туралы айтып берді.
«Индустриялық аймақтар өңірлерде кәсіпкерлікті дамытуға қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында құрылады. Олар мемлекеттік және жекеменшік болып бөлінеді. Мемлекеттікке республикалық және өңірлік деңгейдегі индустриялық аймақтар, сондай-ақ шағын индустриялық аймақтар жатады. Қазіргі таңда Қазақстанда 55 индустриялық аймақ бар: оның ішінде 11-республикалық, 31-өңірлік, 4 - шағын, 8 - жеке меншік және 1 ерекше индустриялық аймақ. Бұл аймақтарды мемлекет қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз етеді, бірақ арнайы экономикалық аймақтардағыдай ерекше жеңілдіктер мұнда қарастырылмаған. Кәсіпорындар өз жұмыстарын жалпы белгіленген тәртіп бойынша жүргізеді», – деп түсіндірді дирекция басшысы.
Республикалық маңызы бар аймақтар толықтай немесе жартылай республикалық бюджет есебінен қаржыландырылады. Сонымен бірге, егер арнайы экономикалық аймақ таратылса, оның орнына сол аумаққа индустриялық аймақ мәртебесі берілуі мүмкін.
Республикалық индустриялық аймақтар, ең алдымен, өңірден тыс жерлерге танымал ірі инвестициялық жобаларды іске асыру үшін құрылады. Бұл жобалар экспортты арттыруға немесе импортты алмастыруға бағытталған және олардың нәтижесі елдің жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етеді.
Республикалық маңызы бар аймақтардағы ірі жобалардың бірі – Astana Motors компаниялар тобының «Алматы» индустриялық аймағында жүзеге асырған бастамасы. Мұнда «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты ашылып, 28 млрд теңге инвестиция салынды және 730 тұрақты жұмыс орны құрылды.
Өңірлік индустриялық аймақтар толық немесе жартылай жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылады. Мұндай аймақтарда белгілі бір өңірдің дамуы үшін маңызды жобалар жүзеге асырылады.
Өңірлік маңызы бар аймақтардағы сәтті жобалардың бірі QazAlpack компаниясының Шымкенттегі «Оңтүстік» индустриялық аймағында іске асырып жатқан өндірісі. Мұнда жеңіл металдардан қаптама материалдары шығарылады. Жобаға 23,42 млрд теңге инвестиция салынып, 145 жаңа жұмыс орны ашылды. жобалар жүзеге асырылады.
Бір жыл бұрын Қазақстанда шағын индустриялық аймақтар құрыла бастады. Олар қазірдің өзінде жұмыс істеп тұрған өндірістік нысандарда немесе шағын және орта бизнеске берілетін басқа да ғимараттарда орналасады.
«2024 жылы шағын өнеркәсіптік аймақтар құру бағдарламасы іске аса бастады. Бағдарлама өндірістік инфрақұрылым нысандарын салуға жеңілдетілген несие беруді қарастырады және өндірістік орын-жай тапшылығын шешуге бағытталған. Өткен жылы еліміздің сегіз өңірінде 34 шағын аймақтың құрылысы басталды. Жалпы аумағы 272 мың шаршы метр болатын бұл аймақтарда құны 170 млрд теңгеге жуық 90 жоба орналастырылып, 3200-ден астам жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда», – деді Е. Мұратбек.
Бүгінгі күні өңірлерде жалпы аумағы 714,2 мың шаршы метр болатын 53 шағын өнеркәсіптік аймақ салу қажеттілігі анықталды.
Жекеменшік индустриялық аймақтарды жер теліміне иелік ететін жеке тұлғалар немесе мемлекеттік емес заңды тұлғалар құрады. Осындай табысты жобалардың бірі Алматы облысындағы «Dostyk Gate» аймағы. Мұнда «Dostyk Trans Terminal» компаниясы көпфункционалды жүк терминалын салып, 16,9 млрд теңге инвестиция салды және 171 жұмыс орны ашылды.
Айта кетейік, индустриялық аймақты басқаруға шетелдік инвестор да қатыса алады. Басқарушы компания ретінде ол аймақтың жұмысын жүргізіп, инвестиция тартады және жаңа жобаларды орналастырады. Ал қазақстандық тарап жер телімдері мен инфрақұрылымды ұсынып, қажет болған жағдайда мемлекеттік қолдау шараларын көрсетеді.
Мұндай ынтымақтастықтың айқын мысалы қытайлық China Construction Sixth Engineering Bureau және қазақстандық Almaty Guangjin Investment Management Consulting компаниялары қол қойған меморандум аясында Алматы облысындағы «Қайрат» индустриялық аймағын кеңейту жобасының жүзеге асырылуы.
Айта кетейік, индустриялық аймақтар құрылғаннан бері 18,7 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, 1,44 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылды және жалпы құны 4,3 трлн теңгені құрайтын өнім өндірілді.
