Жыл басынан бері жеңіл өнеркәсіп саласында жалпы құны 15,8 млрд теңге болатын 7 жоба іске қосылып, 344 тұрақты жұмыс орны ашылды. Олардың ішінде тоқыма өнімдері, полиэтилен қаптар, бір реттік медициналық киімдер мен респираторлар шығару, сондай-ақ кілем тоқу өндірісін жаңғырту бар. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлады.
«Биыл жеңіл өнеркәсіп саласында жалпы құны 208,4 млрд теңгені құрайтын 14 жоба іске қосылып, 3800-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Жобалардың ішінде тоқыма бұйымдары, арнайы киім, тоқыма емес материалдар мен агрожабын матасын өндіру бар. Жыл соңына дейін тағы 7 жоба жүзеге асырылып, 192,6 млрд теңге инвестиция тартылып, қосымша 3400-ден астам жұмыс орны құрылмақ», – делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, 2026–2027 жылдары іске қосылуы жоспарланған 29 жоба әртүрлі кезеңде жүзеге асырылып жатыр. Бұл жобалардың жалпы инвестиция көлемі шамамен 78,8 млрд теңгені құрайды. Елде шұлық өнімдері, синтетикалық маталар, мақта талшығы, былғары шикізаты, аяқ киім, үйге арналған тоқыма бұйымдары, полипропилен мата, арнайы киім, сондай-ақ киім-кешек пен аксессуарлар өндірісі ашылмақ. Жобалар аясында 4,4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылады, оның ішінде 3 мыңға жуығы ауылдық жерлерде ашылады.
Жалпы алғанда, қазіргі және алдағы 43 жоба бойынша жоспарланған инвестициялар көлемі 287,2 млрд теңгеге жетеді. Барлық жобалар жүзеге асқан жағдайда 8,2 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады, оның ішінде 3 мыңы ауылдық жерлерде құрылады.
Өңірлер бойынша жеңіл өнеркәсіп жобаларының саны жағынан Шымкент қаласы мен Түркістан облысы көш бастап тұр.
Айта кетейік, жеңіл өнеркәсіп елімізде қарқынды дамып келе жатқан салалардың бірі. Әлеуметтік маңызы зор әрі жаңа жұмыс орындарын ашуға қолайлы болғанымен, бұл сала әлі де импорттық бәсекелестікке, шикізатты терең өңдеудің төмен деңгейіне және технологиялық артта қалушылыққа тап болып отыр.
Осы кедергілерге қарамастан, мемлекеттік қолдау мен реттеу шараларының арқасында сала дамуын жалғастырып келеді, өндірілетін өнім түрлері көбейіп, соның нәтижесінде импортты алмастыру деңгейі артып отыр.
