QazIndustry өкілдері Ұлытау кәсіпорындарына барды

 

QazIndustry өкілдері аймақтарға барып, кәсіпорындардың жұмысымен танысуды жалғастыруда. Мұндай іс-сапарлардың басты мақсаты – өнеркәсіпті цифрландыру және өндірістерді жаңғырту мәселелерін жергілікті жерде талқылау, жергілікті қамтуды арттыру, сондай-ақ бизнесті мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

Ағымдағы жылдың  29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында бизнесті ынталандыру, цифрлық трансформациялау, жергілікті қамтуды дамыту және мониторинг жүргізу дирекцияларының өкілдері Ұлытау облысындағы кәсіпорындарға барды. Іс-шараны өңірлік «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырды. QazIndustry мамандарымен қатар, кездесуге «Қазақмыс», Qarmet және ERG сияқты ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдері қатысты. Аталмыш компаниялардың басты мақсаты кәсіпорындармен жаңа нарықтарға шығу, жергілікті өндірушілермен әріптестікті нығайту және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау мүмкіндіктерін талқылау болды.

Төрт күн ішінде QazIndustry жұмыс тобы Ұлытау кәсіпорындарының қызметімен танысып, бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары, өңдеу өнеркәсібіне арналған цифрлық шешімдер және отандық жеткізушілерге ұзақ мерзімді келісімшарттар жасауға қолдау көрсету бағытында кеңес өткізді.

Сапар аясында мамандар Жезқазған және Сатбаев қалаларындағы 10-ға жуық кәсіпорынның өндірістік нысандарына барды. Олардың қатарында «ПИК Ютария LTD», «Венталекс», «КазТехФильтр», «Дузен Групп», «ЖезТемірБетон», «Арша», «ПромТестПлюс», «Рудсервис», «Kazakhmys Maintenance Services» ЖШС, Сатбаев минералды және жеміс сулары зауыты, сондай-ақ «Алтаев» ЖК мен «Гелисханова Л. М.» ЖК кәсіпорындары бар.

Жезқазғандағы табысты кәсіпорындардың бірі – «Ютария LTD». Компания өнеркәсіптік кәсіпорындар мен әскери салаға арналған арнайы киім, тұрмыстық тоқыма бұйымдары және жеке қорғаныс құралдарын өндіретін Қазақстандағы жетекші кәсіпорындардың бірі болып саналады. Өндірісте заманауи технологиялар мен озық жабдықтар қолданылып, өнімнің жоғары сапасы мен сенімділігі қамтамасыз етіледі.

«Казтехфильтр» ЖШС — әртүрлі салаға арналған өнеркәсіптік сүзгілерді өндіретін кәсіпорын. Компания отандық өндірісті дамытып, сапалы сүзгі өнімдерімен жергілікті де, республикалық деңгейдегі кәсіпорындарды қамтамасыз етіп келеді.

«Венталекс Сервис» ЖШС — желдету жүйелері мен металл конструкцияларын өндіруге маманданған кәсіпорын. Компания өнеркәсіптік және тұрғын үй нысандарына арналған сапалы өнім шығара отырып, жергілікті нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге өз үлесін қосып келеді. Желдету жүйелері «Қазақмыс» корпорациясының көптеген кәсіпорындарында, сондай-ақ өңірдің қалалық және медициналық мекемелерінде, Қазақстанның басқа да облыстарында орнатылған.

QazIndustry мамандары барған кәсіпорындардың бағыты әртүрлі: жиһаз цехтарынан бастап металл конструкцияларын өндіретін желілерге дейін қамтиды.

QazIndustry өкілдері кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шараларын алу тетіктерін, технологиялық үдерістерді оңтайландыруға арналған IT-шешімдер туралы және қазақстандық қамту үлесін арттырудың маңыздылығына тоқталды.

 

Өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері QazIndustry қызметтеріне қызығушылық танытып, мемлекеттік қолдау одан әрі дамыту үшін маңызды фактор болып табылатынын атап өтті.