QazIndustry өкілдері Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, жергілікті бизнес-қоғамдастыққа өз қызметтерін таныстырды. Сапар аясында төрт дирекцияның мамандары - цифрлық трансформациялау, бизнесті ынталандыру, ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ белдеуін құру жөніндегі дирекциясы, сондай-ақ жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының өкілдері жеті кәсіпорында болды. Олар өндіріс барысымен танысып, өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарына арналған қолдау мүмкіндіктері жөнінде айтып берді және QazIndustry ұсынатын қызметтерді таныстырды.
Сапар барысында Қазастандық индустрия және экспорт орталығы өкілдері «Qazaq Tigin Fabrikasy» ЖШС, «Казлегпром-Алматы», «Bastau Almaty», «LCI-MK», Қазақстан тағам академиясының «Әміран» зауыты, «ZETA» компаниялар тобы және Алматы желдеткіш зауыты сияқты кәсіпорындарға барды. Кәсіпорындарға сондай-ақ «Қазақмыс» пен Kaz Minerals компанияларының өкілдері де қатысып, өнімді өткізудің жаңа нарықтарын игеру, отандық өндірушілермен әріптестік орнату және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау мәселелерін талқылады.
Кәсіпорындарды аралау кезінде цифрлық трансформациялау дирекциясының өкілдері олардың технологиялық даму деңгейін бағалап, өндіріс үдерістерін цифрландыру жөнінде ұсыныстар берді.
Бизнесті ынталандыру дирекциясының қызметкерлері кәсіпорындарға арналған мемлекеттік қолдау шараларын таныстырып, шығындардың бір бөлігін өтеу тетіктері бойынша кеңес берді.
Ірі кәсіпорындардың айналасында ШОБ белдеуін құру жөніндегі дирекциясының сарапшылары қазақстандық қамтуды арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ олар ел аумағында жұмыс істейтін ірі компаниялар жергілікті өндірушілерден мүмкіндігінше көп тауар, қызмет және шикізат сатып алуы қажет екенін айтты.
Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының өкілдері саладағы жекелеген және жүйелі мәселелерді анықтап, кәсіпорындардың технологиялық процестерімен танысты.
Алматыдағы кәсіпорындар QazIndustry ұсынатын қолдау мүмкіндіктерін жоғары бағалап, әрі қарай ынтымақтастық орнатуға дайын екенін білдірді.
