Қазақстанда 2024 жылы іске қосылған шағын өнеркәсіптік аймақтар бағдарламасы өз тиімділігін дәлелдеді. Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында құрылған шағын өнеркәсіптік аймақтар өңір экономикасының құрылымдық өзгеруінде маңызды рөл атқаруда. Бұл аймақтар кәсіпкерлікті ынталандырып, қайта өңдеу өндірістерін дамыту арқылы елдің шикізат салаларына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді. Макроэкономикалық тұрғыдан алғанда, шағын өнеркәсіптік аймақтар салық базасын кеңейтуге, жеке инвестицияларды тартуға және инновацияларды енгізуге ықпал етеді.
«QazIndustry» АЭА және ИА дамыту дирекциясы өңірлерде шағын өнеркәсіптік аймақтар бағдарламасының іске асырылу барысы туралы хабарлады.
Қазіргі уақытта бағдарламаның оң мысалы ретінде Түркістан облысындағы 23 мың шаршы метр өндірістік ғимараттары бар «Өнеркәсіптік парк» шағын өнеркәсіптік аймағын айтуға болады. Шағын өнеркәсіптік аймақ резиденттері 30,7 миллиард теңге инвестиция салған және шамамен 700 жаңа жұмыс орнын құрған.
Түркістан облысындағы өнеркәсіптік парктің ең маңызды жобаларының бірі ретінде «BNK Group» компаниясының жаңбырлатқыш машиналар өндірісі жобасы ерекшеленді. Жобаның жалпы құны – 14,1 млрд теңге, 140 жаңа жұмыс орны ашылды. Кәсіпорын жылына 1000 бірлік өнім шығаруға арналған қуаттылыққа ие. Қазірге дейін 3 млрд теңге құнындағы 100 жаңбырлатқыш қондырғы өндірілді. Өнімдер ішкі нарықта сатылуда, сондай-ақ Ресей мен Өзбекстанға экспорттау бойынша келіссөздер жүргізілуде.
«Jasyl Suyq Qazaqstan» ЖШС тоңазытқыш және мұздатқыш жабдықтарын өндіреді. Жобаға шамамен 10 млрд теңге инвестиция салынды, 350 жаңа жұмыс орны құрылды. Кәсіпорын жылына 4000 бірлік жабдық шығаратын қуаттылыққа ие. Екінші кезеңде өндіріс желісін 10 мың бірлікке дейін кеңейту және қызметкерлер санын 1000 адамға дейін арттыру жоспарланған. Өнімдер ішкі нарықта сұранысқа ие, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға экспортталады.
«Акниет Holding» компаниясы мектеп, кеңсе және медициналық жиһаз шығаратын өндірісті ұйымдастырды. Жобаның құны – 5,9 млрд теңге, 75 жаңа жұмыс орны құрылды. Қазіргі уақытта өндірілген өнімнің жалпы көлемі 4,3 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын жылына 24 мың мектеп партасы, 17 мың жиынтық кеңсе жиһазы және 17 мың бірлік медициналық жиһаз шығаратындай қуаттылыққа ие.
Жамбыл облысындағы шағын өнеркәсіп аймағында «I CONS» компаниясы 10 мың шаршы метр аумақты пайдалануға берді. Мұнда екі ірі жоба жүзеге асырылмақ: Қытайдың қатысуымен «Dala Glass» толық циклды шыны зауыты және «Nur Prestige» компаниясы цемент талшықты бұйымдар шығаратын кәсіпорын іске қосылады.
«Тараз Цемент Строй» және «Эко Байшешек» компаниялары орналасқан шағын өнеркәсіп аймағында жаңа резиденттерді тарту жұмысы жүріп жатыр. Қазір төрт жоба қаралу кезеңінде.
Қызылорда облысында екі шағын өнеркәсіп аймағының құрылысы жүргізіліп жатыр: «Тумар» жеке кәсіпкерлігі мен «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС. Екі жобаның жалпы құны 1 миллиард теңгеден асады.
2060 шаршы метр аумақты қамтитын «Тұмар» жеке кәсіпкерлігінің шағын өнеркәсіп аймағында тамақ өнімдерін өндіруге бағытталған сегіз жоба жүзеге асырылуда, олардың алтауы қазірдің өзінде іске қосылған. Мәселен, «Есімсейітова», «Ерниязова» және «Әділбек» жеке кәсіпкерліктері жартылай фабрикаттар шығарады, «Әбіл» жеке кәсіпкерлігі қоғамдық тамақтану орындарына арналған тағамдар дайындайды, «Берлібекова» жеке кәсіпкерлігі ет және шұжық өнімдерін өндіреді, ал «Момыш» жеке кәсіпкерлігі кондитерлік өнімдер шығарады.
«Техоснастка-Ремсервис» ЖШС шағын өнеркәсіп аймағын осы жылдың қазан айында іске қосу жоспарланып отыр.
Астанада қазіргі уақытта үш шағын өнеркәсіп аймағын пайдалануға беру кезеңі жүріп жатыр. Олардың қатарында: құны 1 млрд теңге болатын «Жаннұр-Сервис и К» компаниясының жобасы (бірінші кезеңі іске қосылған), 2,937 млрд теңгелік «Vostok Logistics» ЖШС жобасы (пайдалануға беру 2025 жылдың соңына жоспарланған) және құны 1,04 млрд теңге болатын «СпецПроектПрогресс» ЖШС.
Шымкент қаласында жалпы ауданы 44,8 мың шаршы метр болатын үш шағын өнеркәсіп аймағын құру жоспарланған. Құны 8,3 млрд теңге болатын «Orda NS Building» компаниясының аймағы пайдалануға берілді. Ал «Standard Steel KZ» ЖШС (4,3 млрд теңге) және «ЭнергоТранс-3» ЖШС (1,4 млрд теңге) өнеркәсіп аймақтарын жыл соңына дейін іске қосу көзделіп отыр.
Қарағанды облысында құны 10,5 млрд теңге болатын «OptimaTech» ЖШС, 728,5 млн теңге «Exim Star Қазақстан» ЖШС және құны 3 млрд теңге болатын «Строй Сервис Караганда» ЖШС үш жаңа шағын өнеркәсіп аймағы құрылады. Жобаларды іске қосу 2026 жылға жоспарланған.
Қостанай облысында екі жаңа шағын өнеркәсіп аймағы салынып жатыр. Құны 10,5 млрд теңге болатын «Tehnopark KZ» ЖШС 2026 жылы, ал 4,9 млрд теңгелік «Бестекс» ЖШС 2025 жылдың соңында іске қосылады.
Жалпы алғанда, шағын өнеркәсіп аймақтары бұл өңірлердің индустрияландыруын қолдаудың аз шығынды механизмі, ол шағын және орта кәсіпкерлікке дайын инфрақұрылым мен өндірістік алаңдарды ұсыну арқылы жүзеге асырылады.
