Шыныпакет шығаратын жетекші кәсіпорынға QazIndustry қызметтері таныстырылды

QazIndustry өкілдері өнеркәсіпті қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы, тікелей кәсіпорындарға барып түсіндіруді жалғастыруда. Бұл жолы бизнесті ынталандыру дирекциясының мамандары Астанада орналасқан шыныпакет шығаратын жетекші кәсіпорын – «Астаналық шыныпакет компаниясына» барды.

Өндірісте шамамен 100 адам еңбек етеді. Кәсіпорын көпфункционалды әйнекті пайдалана отырып, энергия үнемдейтін, күннен қорғайтын және қауіпсіз екі қабатты терезелер шығарады.

«Астаналық шыныпакет компания» жыл сайын шамамен 500 мың шаршы метр түрлі мақсаттағы әйнек өнімдерін шығарады. Заманауи неміс технологияларының арқасында кәсіпорын өз саласында халықаралық деңгейдегі жетекші өндірушілердің біріне айналды. Зауыттың өнімдері ішкі нарықты қамтумен қатар, ТМД елдеріне де экспортталады.

«QazIndustry» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Жұмаділов Дархан өндірістік процестермен танысып, компания өкілдерімен кеңес түрінде кездесу өткізді. Ол кәсіпорынның технологиялық жабдық сатып алу, өндірісті цифрландыру, шетелдік мамандар тарту, қызметкерлерді оқыту, сертификаттау жұмыстары және басқа да бағыттар бойынша шығындарының 40–50 пайызын өтеу мүмкіндігі бар екенін айтты. Кездесу барысында қызмет көрсету шарттары, қажетті құжаттар тізімі және кәсіпорынның өз міндеттемелері талқыланды.

«Астаналық шыныпакет компания» өкілдері QazIndustry қызметтеріне айтарлықтай қызығушылық танытып, «мемлекеттік қолдау уақытылы көрсетіледі» деп атап өтті. Кәсіпорын басшылығы шыны және әйнек конструкциялар өндіретін тұтас кластер құруды жоспарлап отыр.

Кәсіпорынмен консультативтік жұмыс жалғасады. Зауыт өкілдері сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде өтетін ашық есік күндеріне шақырылды.