QazIndustry өкілдері кезекті жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды. Сапар барысында мамандар бірқатар өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысымен танысып, мемлекеттік қолдау шаралары туралы ақпаратты жеткізіп, цифрландыру, жергілікті қамту және өндірісті локализациялау мәселелерін талқылады.
Іссапарға орталықтың цифрлық трансформация, бизнесті ынталандыру, жергілікті қамтуды дамыту және мониторинг жүргізу, ТМК және химия саласын дамыту, сондай-ақ ірі кәсіпорындар айналасында ШОБ белдеуін құру дирекцияларының мамандары барды. Сонымен қатар, кездесуге ірі жер қойнауын пайдаланушылар — «Қазақмыс», Qarmet және ERG компанияларының өкілдері қатысты. Аталмыш компаниялардың басты мақсаты кәсіпорындармен жаңа нарықтарға шығу, жергілікті өндірушілермен әріптестікті нығайту және ұзақ мерзімді келісімшарттар жасау мүмкіндіктерін талқылау болды.
Сапар аясында мамандар бірқатар кәсіпорындарға барды. Олардың қатарында сым өнімдерін шығаратын «Каз-Метиз», жарылғыш заттар өндіретін «СП Беркут», шиналар шығаратын «Tengri Tyres», резеңке-техникалық бұйымдар өндіретін «Восход», тау-кен жабдықтарын жасайтын «РММЗ», футеровка материалдарын шығаратын «Polymet Solutions Corporation», сондай-ақ Қарағанды машина жасау компаниясы бар.
Жұмыс кездесулері барысында цифрлық шешімдерді енгізу, мемлекеттік ынталандыру шараларын пайдалану, кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізу мәселелері талқыланды. QazIndustry өкілдері өнеркәсіп өкілдеріне өз қызметтерін таныстырып, түрлі бағыттар бойынша жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізді.




