Қазақстандағы кәсіпорындарды цифрландыру мен технологиялық жаңғыртуды дамыту бағдарламасы аясында «QazIndustry» АҚ мен Astana Hub өкілдері бірлесіп «Тау-Кен Алтын», Polytech Astana және BERTYS MACHINERY кәсіпорындарына барды.
Кездесулер барысында жасанды интеллект (ЖИ) пен өндірістік үдерістерді автоматтандыруға қатысты компаниялардың ұсыныстары мен қажеттіліктері талқыланды.
Сапар барысында кәсіпорындардың қазіргі жағдайына кешенді талдау жасалды. Онда өндірістік және басқару процестері, қолданылып жүрген жабдықтар мен бағдарламалық жүйелер қарастырылып, тиімділікке әсер ететін басты шектеулер мен факторлар анықталды. Сондай-ақ заманауи цифрлық технологияларды енгізу және негізгі серіктестердің күтулерін ескере отырып, кәсіпорындардың даму стратегиясы айқындалды.
Негізгі назар өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының технологиялық деңгейін бағалауға және өндірістік үдерістерді жаңғыртудың басым бағыттарын анықтауға бағытталды.
Өзара іс-қимыл шеңберінде тараптар технологиялық жаңғырту бағыты бойынша пилоттық жобаларды әзірлеу және енгізу үшін IT-компаниялармен бірлесіп жұмыс істеуге келісімге келді. Бұл бастамалар қазақстандық кәсіпорындардың өнімділігін, энергия тиімділігін және бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Бұл өз кезегінде өнеркәсіптік кәсіпорындар мен технологиялық серіктестер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және цифрлық трансформация үдерістерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
