Мемлекет ел ішінде тауарларды теміржол арқылы жеткізудің шығындарын өтей бастайды

Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдауды күшейту жалғасуда. Бұл шаралар өнімдердің қазақстандық қамтуын арттыру мен экспорттық әлеуетті дамытуға бағытталған. Кезекті шаралардың бірі – «Қазақстанда шығарылған өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету қағидаларына» жаңа өзгерістер енгізу.

Қазақстанда алғаш рет отандық басым тауарларды ел ішінде теміржол арқылы жеткізуге кеткен шығынның жартысы (10 мың АЕК-ке дейін) өтелетін болады. Бұл бастама ел ішінде теміржол көлігімен тасымалдаудың жоғары құнынан туындап отыр, ал бұл өнімнің өзіндік құнын едәуір арттырады. Мұндай қолдау компанияларға қазақстандық қамтуды арттыруға және экспорттық әлеуетті нығайтуға көмектеседі.

Бұған қоса халықаралық сертификаттауға кететін шығындарды өтеу мөлшері айтарлықтай артты: егер бұрын мемлекет бұл үшін 3 000 АЕК бөлсе, қазір 15 000 АЕК көлемінде қаржы қарастырылған. Халықаралық сертификаттар отандық кәсіпорындарға тек сапалы және бәсекеге қабілетті өнім шығарып қана қоймай, трансұлттық компаниялардың тендерлеріне қатысуға да мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бастамашылық еткен өзгерістердің басты мақсаты – қазақстандық құрамы жоғары тауарларға қолдауды күшейту. Бұл елімізде 2026 жылдың 1 қаңтарынан іске қосылатын Отандық өндірушілер тізілімін құрумен байланысты. Жаңа «Қазақстанда шығарылған өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерілетуге бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету қағидалары» мен аталған тізілімді енгізу экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Естеріңізге сала кетейік, «QazIndustry» қазақстандық индустрия және экпорт орталығы өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын жүзеге асырумен айналысады. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша орталық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің 1 млрд 349 млн теңгеден астам шығынын өтеді.

Ережелермен толығырақ сілтеме арқылы танысуға болады https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200028504.