Жапондық ғалымдар интеллектуалды тау-кен өндірісін дамыту жобасын таныстырды

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығына Жапониядан делегаттар келді. Олар тұрақты ресурс дамуына арналған Smart Mining+ зияткерлік тау-кен жобасын таныстырды.

Делегация құрамында Хоккайдо университетінің Славяно-Еуразиялық зерттеулер орталығының профессоры Томохико Уяма, Акита университетінің Ресурстар саласындағы халықаралық зерттеулер аспирантурасының ассистент-профессоры Аяко Ватанабэ, техника ғылымдарының кандидаты, инженерлік ғылым докторы және Alem International Co., Ltd компаниясының президенті Даурен Ахметов, сондай-ақ JICA сарапшысы Хидехиро Шинкои болды. Оларды Назарбаев университетінің Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің доценті Серік Оразғалиев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Жер қойнауын пайдалануды талдау және дамыту басқармасының басшысы Даулет Сағжанов және Satreps жобасының қазақстандағы координаторы Алия Чингишпаева болды.

Жапондық қонақтар «Smart Mining+» жобасын таныстырды. Оның негізгі идеясы – интеллектуалды тау-кен технологиялары, цифрлық егіздер және жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, қоршаған ортаны ластамайтын тұрақты тау-кен өндірісінің моделін жасау.

Ғалымдардың айтуынша, бұл жоба Орталық Азия елдерінде және табиғи ресурстарды өндіретін мемлекеттерде кеңінен қолданылуы мүмкін. Қазіргі уақытта жобаны әзірлеушілер жүйені Қазақстандағы, оның ішінде кен өндіру секторындағы кәсіпорындарға енгізу мәселелерін зерттеуде.

Кездесу барысында «QazIndustry» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әсел Дюсембаева Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының негізгі қызмет бағыттарының бірі – өнеркәсіпті цифрландыруды ілгерілету, сондай-ақ кәсіпорындарда цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні енгізу үшін қажетті жағдайлар жасау екенін атап өтті. Сонымен қатар, кәсіпорындарға, оның ішінде өндірісті цифрландыру шараларын іске асыруға жұмсалған шығындарын өтеу түрінде ұсынылатын мемлекеттік қолдау тетіктері туралы ақпарат берілді.

Тараптар «Smart Mining+» жобасын алдағы уақытта жүзеге асыру бағытындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.