QazIndustry Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумға қатысты

Түркістанда «Turkistan Investment and Tourism Forum-2025» атты екі күндік халықаралық инвестициялық форум өтті. Оған 300-ге жуық отандық және шетелдік компаниялардың өкілдері, инвесторлар мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Жыл сайын өтетін форумның мақсаты – өңірдің инвестициялық және туристік әлеуетін арттыру, инвестицияларды тарту, шетелдік компаниялармен іскерлік байланыстарды нығайту және өндірістік кәсіпорындардың санын арттыру болды.

Форум аясында әртүрлі тақырыптарға арналған панельдік сессиялар ұйымдастырылды. Солардың бірі – «Түркістан облысының тұрақты дамуына инвестициялар: Өнеркәсіптен агроөнеркәсіптік кешенге дейін» атты сессияға «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Дархан Жұмаділов қатысты. Ол бизнеске арналған мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы баяндап, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.

Спикер кәсіпорындарға еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерлетуге жұмсалған шығындарының бір бөлігін өтеу мүмкіндіктері туралы ақпаратты жеткізді. Оның ішінде жаңа механизм бойынша – Қазақстан ішінде басым отандық тауарларды теміржол арқылы жеткізуге кеткен шығынның жартысы өтеледі. Бұдан бөлек, отандық компанияларға трансұлттық компаниялардың мемлекеттік сатып алуларына қатысуға мүмкіндік беретін халықаралық сертификаттау шығындарының өтемақысы 15 мың АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Панельдік сессия қатысушылары QazIndustry ұсынған мемлекеттік ынталандыру шараларына қызығушылық танытып, өз сұрақтарына толық жауаптар алды.

     Форум барысында G2B және B2B форматындағы кездесулер өткізілді, халықаралық компаниялармен бірлескен инвестициялық жобаларды, соның ішінде өнеркәсіп саласындағы жобаларды іске асыруға арналған меморандумдарға қол қойылды.