Химия өнеркәсібінде жүзеге асырылған жобалар аясында 750-ден астам жұмыс орны құрылды

Химия өнеркәсібі – Қазақстандағы ең ірі және маңызды салалардың бірі. Елдегі мол минералдық-шикізат базасы, соның ішінде фосфорға бай қорлар, тұздар, көмірсутектер және түрлі химиялық өнімдер шығаруға қажет өзге де компоненттердің болуы бұл саланың тұрақты дамуына мүмкіндік беріп отыр.

2025 жылдың басынан бері химия өнеркәсібі саласында жалпы құны 60,6 млрд теңгені құрайтын тоғыз жоба іске асырылып, 777 тұрақты жұмыс орны құрылды. Салада жол белгілеуге арналған бояулар, сұйық каустикалық сода, ионалмастырғыш шайыр, жуғыш заттар мен тыңайтқыштар өндірісі жолға қойылған. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Жобаларды іске асыруға мониторинг жүргізу және талдау дирекциясы хабарлайды.

Жыл соңына дейін инвестиция көлемі 14,9 млрд теңгені құрайтын және 242 жұмыс орнымен тағы төрт жобаның іске қосылуы жоспарлануда. Олардың қатарында метэтанол, желатин, органо-минералды тыңайтқыштар және өзге де химиялық өнімдер өндірісі бар.

Жалпы, биыл жоспарланған 13 жобаның инвестиция көлемі шамамен 75,5 млрд теңгені құрайды, ал құрылатын жұмыс орындарының саны 1000-нан асады. Аталған жобалардан бөлек, тұрмыстық және автокөлік химиясы, минералды тыңайтқыштар және басқа да бағыттар бойынша өндірістерді іске қосу жоспарланып отыр.

«Сонымен қатар, химия өнеркәсібінде қазір 26 жоба жүзеге асыру кезеңінде тұр, олардың жалпы инвестиция көлемі 1,2 триллион теңгеден асады. Олардың қатарында күкірт қышқылы, натрий цианиді, коммерциялық сынап,, көмірқышқыл газы, сутек және басқа да өнімдер өндірісі бар. Бұл жобаларды іске асыру 3,9 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, оның ішінде шамамен 2,2 мыңы – ауылдық жерлерде», – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, карбамид, литий карбонаты, полиэтилен, аммиак селитрасы, қайта өңделген жоғары тығыздықтағы полиэтилен және төмен тығыздықтағы полиэтилен түйіршіктері, калий нитраты/сульфаты, сұйық азот және басқа да химиялық өнімдерді өндіру бойынша 33 жоба әзірлену сатысында тұр. Жоспарланған инвестиция көлемі 12 триллион теңгені құрайды, ал бұл жобалардың іске асырылуы 15,7 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.

Жалпы алғанда, қазіргі және жоспарланған 72 жоба бойынша шамамен 13,3 триллион теңге инвестиция тарту көзделген, бұл 20,6 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді, оның ішінде 11,8 мыңы – ауылдық жерлерде.