Қара металлургия саласында үш жоба іске қосылды

Қара металлургия – Қазақстанның негізгі әрі жетекші өндіріс салаларының бірі. Оның дамуына ел аумағындағы темір мен кремнийге бай кен орындары және қара металдар кенінің мол қоры ықпал етеді. Осы бай шикізат базасының арқасында елімізде шойын мен болат қана емес, болаттың қасиеттерін күшейту үшін қолданылатын түрлі ферроқорытпалар да өндіріледі.

Биыл елімізде қара металлургия бағытында жалпы құны 6,1 млрд теңгені құрайтын үш жоба іске қосылды. Атап айтқанда, шойын құймаларын шығару, оқшауланған құбырлар өндіру және профнастил жасау жобалары жұмысын бастады. Бұл кәсіпорындарда шамамен 70 жаңа жұмыс орны ашылды.

Жыл соңына дейін қара металлургияға қатысты тағы бірнеше жоба іске асырылмақ. Олардың қатарында болат, профильді және мырышталған құбырлар, арматуралық анкерлік бекітпелер, арматураланған тор және басқа да қара металлургия өнімдерін шығару жобалары бар.

Бұдан бөлек, құны 2 трлн теңгеден асатын 22 жоба іске асырылу кезеңінде тұр. Олардың іске қосылуы 2026–2028 жылдары жоспарланған. Бұл болат, өнеркәсіптік кремний, рельстік плеть, тегістеу шарлары, ыстықтай илектелген болат өнімдері және басқа да металл өнімдерін шығару бағытындағы жобалар. Аталған бастамалар 4 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын, оның ішінде шамамен 500 жұмыс орнын ауылдық жерлерде құруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, құны 2,7 трлн теңгені құрайтын тағы 33 жоба дайындық кезеңінде тұр. Бұл жобаларда губка тәрізді темір, жоғары тазартылған марганец, ферромолибден, феррониобий және басқа да қорытпалар мен темір-болат өнімдерін өндіру қарастырылған. Аталған бастамалар 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Барлық ағымдағы және жоспарланған жобаларды іске асыру аясында 17,3 мың жұмыс орнын құру көзделіп отыр, оның 5,7 мыңы ауылдық жерлерге тиесілі болады.

      Айта кетейік, өңірлер бойынша қара металлургия өнімдерін өндіруде көшбасшылар – Қарағанды және Павлодар облыстары.