Ұлттық статистика бюросының деректері мен жүргізілген талдауларға сәйкес, соңғы жылдары республика өңдеу өнеркәсібін дамытуда оң динамика көрсетіп отыр. Бұл өңделген өнімдердің экспортын арттыруға ықпал етеді, ал бұл жаһандық экономикалық өзгерістер жағдайында ерекше маңызды. Өңірлерде өздерінің ерекшеліктеріне сәйкес экспортқа бағытталған инвестициялық жобалар іске асырылып, өндірісте жаңа технологиялар енгізілуде, сондай-ақ өндірісті жергіліктілеу және технологияларды тасымалдау мәселелері бойынша әлеуетті инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізілуде.
QazIndustry Өңірлерді дамыту дирекциясы өңдеу өнеркәсібінің аумақтық драйверлерін белгілеп, өңірлер үшін перспективалы бағыттарды айқындады.
2024 жылы Қазақстанның өнеркәсібінде 50,1 трлн теңге көлемінде өнім өндірілді, физикалық көлем индексі 102,8%-ды құрады. Ең көп өнім өңдеуші өнеркәсіптен шықты — 24,5 трлн теңге (жалпы көлемнің 48,9%-ы) және тау-кен секторы — 22,2 трлн теңге (44,2%).
Үш аймақ 2024 жылы өнеркәсіптің негізгі драйверлеріне айналды. Көш бастап тұрғаны — Атырау облысы, онда 10 трлн 509 млрд теңгеге өнім өндіріліп, бұл елдегі жалпы көлемнің 21%-ын құрады.
Екінші орында — Қарағанды облысы (4 035 млрд теңге, 8%), одан кейін — Батыс Қазақстан облысы (3 701,1 млрд теңге, 7,4%).
Дәл осы аймақтар өнеркәсіптің белсенді дамуы арқасында ел экономикасына ең үлкен үлес қосты.
Өнеркәсіп өнімінің ең төменгі көлемдері айқын ауылшаруашылық бағытталған өңірлерде тіркелді: Жетісу облысында – 347,3 млрд теңге, Солтүстік Қазақстан облысында – 705,2 млрд теңге.
Жалпы, 2022 жылдан 2024 жылға дейін өнеркәсіп өндірісінің көлемі өсіп отырған оң тенденция байқалды. Аталған кезеңде өндіріс көлемі 48,8 трлн теңгеден 50,1 трлн теңгеге дейін өсті, яғни өсім 2,8%-ды құрады. Ең ірі өсім Абай, Солтүстік Қазақстан, Түркістан және Ақмола облыстарында, сондай-ақ Астана қаласында тіркелді.
Жалпы, еліміздің өңдеу өнеркәсібі тұрақты қарқынмен өсіп келеді. Бұл – экономикадағы жағымды өзгерістердің айқын белгісі. 2024 жылы өңдеу саласының жалпы өндіріс көлемі 24,5 трлн теңгеге жетіп, нақты өсім көрсеткіші 105,9% болды.
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты өңдеу өнеркәсібі салаларының ішінде ең үлкен үлесті металлургия алып отыр – 40,1%. Ал машина жасау саласының үлесі 18,9% құрайды.
Өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,9%-ға өсіп, 28,8 млрд АҚШ долларын құрады. Қазақстандық өнімнің негізгі сатып алушылары – ТМД елдері, сондай-ақ Қытай мен Түркия.
2025 жылы жүзеге асырылуы жоспарланған 190 жобаның ішінде 75 жоба іске қосылып, 9 682 жаңа жұмыс орны ашылды.
Негізгі жобаларға Маңғыстау облысындағы мұнай өңдеу зауытының қуатын арттыру, Атырау облысында жүк вагондарын шығару, Шымкентте алюминий қаптамасы өндірісін жаңғырту, сондай-ақ Алматы және Қарағанды облыстарында тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорындарды дамыту сияқты бастамалар кіреді.
Мысалы, Саран қаласында Samsung брендімен теледидарлар мен кір жуғыш машиналар шығаратын зауыт іске қосылды. Оның қуаты жылына 150 мың теледидар мен 200 мың кір жуғыш машинаны өндіруге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, Алматыда инвестициясы 182 млрд теңгені құрайтын және 3 600 жаңа жұмыс орнын ашатын қытайлық брендтердің жеңіл автомобильдерін шығаратын мультибрендтік зауыт ашу жоспарланып отыр.
Жыл соңына дейін Маңғыстау облысында сорғы-компрессорлық құбырлар, Астанада ПВХ және алюминий қасбеттер, терезелер мен есіктер, Ақтөбе облысында жүнді бастапқы өңдеу, Абай облысында сұйық өнімдерге арналған картон қаптамасын шығаратын зауыттар және басқа да жобалар іске қосылады деп жоспарлануда.
2035 жылға дейін металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібінде тоғыз ірі жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар Президенттің тапсырмасы бойынша құрылған 17 ірі бастамалар пулына кіреді.
Сегіз өңірде шағын өнеркәсіптік аймақтар салынып жатыр бұл ШОБ дамытуға арналған жаңа құрал. Аталған аумақтарда 3 200-ден астам жұмыс орнын қамтитын 90 жоба іске қосылуы жоспарлануда.
Қазақстанда географиялық орналасуы, экономикалық мамандануы және халықты қоныстандыру жүйесі бойынша бес макроөңір бөлінетіні белгілі.
Батыс макроөңірі: Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облыстары.
Оңтүстік макроөңір: Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстары.
Солтүстік макроөңір: Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары.
Орталық-шығыс макроөңірі: Абай, Қарағанды, Павлодар, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары.
Үлкен агломерациялар: Астана, Алматы, Шымкент.
Әр макроөңірдің өңдеу өнеркәсібін дамытуға өзіне тән перспективалық бағыттары бар.
Мысалы, Батыс макроөңірі үшін бұл – мұнай-химия (бутадиен, карбамид, терефтал қышқылы); Оңтүстік макроөңірде – химия, жеңіл және тамақ өнеркәсібі; Солтүстік макроөңірде – ауыл шаруашылығы техникасы мен автокөлік құралдарына арналған компоненттер өндірісі, өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу; Орталық-шығыс макроөңірде – өңдеу салаларында жаңа бағыттарды дамыту (көмірхимия, металдарды терең өңдеу, машина жасау).
Үлкен агломерациялар фармацевтика саласында жоғары технологиялық кластерлерді, сондай-ақ машина жасау мен құрылыс материалдарын өндіру сияқты ғылыми өндірістерді қалыптастыруға әлеуетке ие.
