Отандық өндірушілерге тауарларды теміржол арқылы тасымалдау шығындары өтеледі

Қазақстанда отандық өндірісті қолдауға арналған мемлекеттік құралдар кеңейтілуде. «Қазақстанда шығарылған өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа ілгерлетуге бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын көрсету қағидаларына» өзгерістер енгізілді.

Енгізілген өзгерістерге сәйкес отандық кәсіпорындарға ел ішінде теміржол арқылы басым тауарларды тасымалдауға жұмсалған шығындардың 50%-на дейін өтемақы беріледі. Өтемақының ең жоғары мөлшері 10 мың айлық есептік көрсеткішке дейін (43,25 млн теңге) құрайды. Бұған дейін республикада ішкі теміржол тасымалдарын мемлекеттік қолдау шаралары қолданылмаған.

Жаңа шара өндірушілердің көлік шығындарын азайтуға, қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және отандық қамтудың өсуін ынталандыруға бағытталған.

Сонымен қатар, халықаралық өнімді сертификаттау шығындарын өтеу көлемі бес есе ұлғайды. Бұрын мемлекет 3 000 АЕК-ке дейін, ал қазір 15 000 АЕК-ке дейін (шамамен 65 млн теңге) өтемақы береді. Халықаралық сертификаттардың болуы қазақстандық компанияларға трансұлттық құрылымдардың тендерлік рәсімдеріне қатысуға және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, «Өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну қағидаларына» өзгерістер енгізілді. Салық динамикасына қойылатын талаптар жеңілдетілді: енді жыл сайынғы салық түсімінің өсу шарты жеті жылдан аз уақыт бұрын тіркелген кәсіпорындарға қолданылмайды (бұрын – үш жыл). Бұл жаңа өндірістердің жобалық қуатқа шығу мерзімін ескеруге мүмкіндік береді.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бастамашы болған бұл өзгерістердің басты мақсаты – қазақстандық тауар өндірушілерге көрсетілетін мемлекеттік қолдауды күшейту және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Еңбек өнімділігін арттыру және өнімді ішкі нарыққа ілгерлетуге бағытталған мемлекеттік ынталандыру шараларын іске асыру жөніндегі ұлттық оператор – QazIndustry. 2025 жылдың қорытындысы бойынша орталық шағын және орта бизнес субъектілеріне 1 млрд 436 млн теңгеден астам сомаға шығындарды өтеді, мемлекеттік қолдауға шамамен 60 кәсіпорын ие болды.

     Мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толық ақпарат www.qazindustry.gov.kz ресми сайтында орналастырылған. Әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде (Астана қ., Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) Ашық есік күндері өткізіледі. Кеңес алу үшін +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444) нөміріне хабарласуға болады.