Өндірушілер 30 қаңтарға дейін Қазақстандық тауар өндірушілер реестрінде тіркелуі керек

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстанда отандық өндіруші мәртебесін растау және мемлекеттік қолдаудың мақсаттылығын арттыруға арналған «Қазақстандық тауар өндірушілер реестрі» мемлекеттік цифрлық платформасы іске қосылды. Қазіргі уақытта жүйе тәжірибелік пайдалануға берілген және e-ondiris.gov.kz сайтында қолжетімді.

Жаңа цифрлық жүйеге біртіндеп көшу мақсатында бұрын қолданыстағы индустриялық сертификаттар негізінде қазақстандық тауар өндіруші мәртебесін растаған 1 868 субъект автоматты түрде Реестрге ауыстырылды.

Барлық бизнес субъектілері Қазақстандық тауар өндірушілер реестрін жүргізу қағидаларына сәйкес ақпараттық жүйе арқылы тіркелуге өтініш бере алады.

Бүгінгі күні:

– жүйеге 2 769-дан астам компания тіркелді;

1 346 өтінім қабылданды.

Қазіргі уақытта Реестрге машина жасау, құрылыс индустриясы және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы кәсіпорындар енгізілген. Олардың қатарында теміржол техникасын, автокомпоненттерді, сорғы жабдықтарын, цементті, бетон бұйымдарын, керамикалық плиткаларды және аяқ киімді өндірушілер бар.

Реестрге автоматты түрде енгізілген өндірушілер 30 қаңтарға дейін жүйеде мәліметтерін толтырып, өтінімдерін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы растауы қажет. Бұл талап орындалмаған жағдайда кәсіпорындар Қазақстандық тауар өндірушілер реестрінен шығарылады.

Цифрлық платформаны енгізу рәсімдердің ашықтығын арттыруға, әкімшілік кедергілерді азайтуға және мемлекеттік қолдау шараларының тек нақты өндірістік қызметі бар кәсіпорындарға бағытталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазақстандық тауар өндірушілер реестрін кезең-кезеңімен толықтыру жұмыстары жалғасуда.