Ағымдағы жылдың 22 қаңтар күні Машина жасаушылар одағы аймақтық өкілдерімен кеңес өткізді. Жиын барысында саланың өзекті мәселелері қаралып, оны дамытуға бағытталған цифрлық шешімдер ұсынылды. Кеңеске 40-қа жуық адам қатысты.
Онлайн-кездесу барысында «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы ұсынатын бизнесті мемлекеттік ынталандыру шаралары таныстырылды. Бизнесті ынталандыру дирекциясының бас сарапшысы Альшинбаева Аида шағын және орта бизнеске арналған мемлекеттік қолдау тетіктері туралы баяндады.
«QazIndustry» кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерлетуге кеткен шығындарын өтейді. 2025 жылы орталық 1,4 млрд теңгеден астам шығындарды өтеді.
А. Альшинбаева мемлекеттік қолдау ережелеріндегі жаңалықтар туралы да хабарлады. Енді мемлекет басым тауарларды ел ішінде теміржол көлігімен тасымалдауға кеткен шығындардың 50% өтейді. Сонымен қатар, тауарларды халықаралық сертификаттауға арналған өтемақы көлемі ұлғайтылды.
Айта кетейік, «QazIndustry» өкілдері түрлі салалық қауымдастықтар ұйымдастыратын мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге арналған іс-шараларға тұрақты түрде қатысып келеді. Бұл өз кезегінде шағын және орта бизнес өкілдерінің хабардарлық деңгейін арттыруға ықпал етеді.