Мемлекеттік қолдау нәтижесінде «Mebitex Group» жаңғыртуға жұмсалған шығындарын азайтты

Отандық жиһаз және ағаштан жасалған бұйымдар өндірісіндегі көшбасшы – «Mebitex Group» ЖШС инновациялық жабдықтарды сатып алу үшін мемлекеттік қолдау алды. Осы мүмкіндіктің арқасында компания заманауи станоктарды әлдеқайда тиімді бағамен алды. Кәсіпорын инвестициялардың қайтарым мерзімін қысқартты және өндірісін жаңа, жоғары сапалы деңгейге шығарды.

Айта кетейік, бұл «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы арқылы кәсіпорындардың технологиялық жабдықтарды сатып алу шығындарын өтеу түрінде көрсетілген мемлекеттік ынталандыру шараларының арқасында мүмкін болды. Бұл бизнес субъектілеріне өздерінің дамуын жоспарлауға және өндірісті жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Өткен жылы «Mebitex Group» ЖШС қытайлық Nanxing брендіне тиесілі екі заманауи станокты шамамен 37 млн теңгеге сатып алды.

Мемлекеттік қолдау шаралары туралы кәсіпорын www.qazindustry.gov.kz ресми интернет-ресурсы арқылы білген. Бұл сайтта өтінім беру тәртібі, қажетті құжаттар тізбесі және ынталандыру шараларын алу шарттары толық көрсетілген.

Кейін компания басшылығы шығындардың бір бөлігін өтеу үшін QazIndustry-ге жүгінді.

«QazIndustry технологиялық жабдық сатып алуға кеткен шығындардың 40 пайызын өтейтіні, біз үшін жағымды жаңалық болды. Құжат жинау белгілі бір уақытты талап етті, алайда нәтижесінде бізге 14,7 млн теңге көлемінде өтемақы берілді. Бұл - кәсіпорын үшін нақты қолдау. Қайтарылған қаражатты әрі қарай дамуға бағыттадық. Әйтпесе, бұл әлдеқайда көп уақыт алар еді», — дейді «Mebitex Group» ЖШС директоры Гаухар Чуйгарова.

Оның айтуынша, сатып алынған станоктар кесу, бұрғылау, жиектерді өңдеу және фрезерлеу сияқты негізгі циклдарды толық автоматтандыруды қамтамасыз етті.

«Бұл өндірістік қуаттың артуына және бұрын көп уақыт пен ресурс талап еткен күрделі ағаш ұсталық бұйымдардың сапалы орындалуына жол ашты. Өткен жылы мұнда 2,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал биыл жаңа жабдықтың арқасында компания табыстың одан әрі артуын күтуде», – деп хабарлады Гаухар Чуйгарова.

Сонымен қатар, өткен жылдың қорытындысы бойынша «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындарға технологиялық жабдықтарды сатып алу бойынша 1,4 млрд теңгеден астам шығындарын өтеді.

Сондай-ақ, 2025 жылдың соңында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тарапынан мемлекеттік қолдау қағидаларына тиісті өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістер отандық өндірушілерді көбірек қамтуға және олардың өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған. Атап айтқанда, басым тауарларды еліміз аумағында теміржол арқылы тасымалдау шығындарының жартысын өтеу, халықаралық сертификаттауға арналған өтемақы көлемін ұлғайту және салық талаптарын жеңілдету қарастырылды.

Жалпы Қазақстанда жиһаз және оның бөлшектерін өндіретін 1818 кәсіпорын тіркелген. Қазіргі уақытта елімізде жиһаз өнеркәсібі қарқынды дамып келеді, бұл құрылыс секторының белсенді өсуі және тұрғын үй мен коммерциялық нысандардың санының артуымен байланысты.

Еске сала кетейік, шығындарды өтеу шарттары туралы толық ақпаратты qazindustry.gov.kz сайтынан немесе ашық есік күндері (әр сейсенбі және бейсенбі) Астана қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 17 мекенжайындағы кеңседен алуға болады.