Мыс және мыс цементтеу штейні импортының кедендік әкелу бажы нөлге дейін төмендетілді

2026 жылғы 30 қаңтарда Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі 7401 00 000 0 СЭҚ ТН коды бойынша жіктелетін мыс штейні мен цементациялық мысқа қатысты Қазақстан Республикасы үшін 2026 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі мерзімге 2,5 мың тонна көлемінде тарифтік жеңілдік беру туралы шешімді мақұлдады. Аталған бастаманы түсті металлургия саласындағы отандық кәсіпорындарды қолдау мақсатында «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп ұсынған болатын.

«Қабылданған шешімге сәйкес, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі берген растайтын құжат болған жағдайда аталған тауарларды импорттау кезінде кедендік әкелу бажы алынбайды. Құжатта әкелінетін өнімнің нақты көлемі, сондай-ақ оны импорттайтын ұйымдар туралы нақты мәліметтер көрсетілуі қажет», – деп хабарлады «QazIndustry» АҚ Экономикалық интеграция дирекциясы.

Бұл шара салықтық жүктеме мен өндірістік шығындарды азайту арқылы шикізат сатып алу көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Соның нәтижесінде дайын өнімнің ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі күшейе түседі.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 1 тамызда ЕЭК Кеңесінің шешімімен QazIndustry-дің жүргізген жұмысының нәтижесінде металлургия және химия салаларындағы отандық тауар өндірушілерді қолдау үшін натрий сульфидіне (ЕАЭО СЭҚ ТН 2830 10 000 0) және целлюлозаның өзге де эфирлеріне (ЕАЭО СЭҚ ТН 3912 39 850 0) қатысты импорттық баж мөлшерлемесін уақытша нөлге дейін төмендету мақұлданған болатын.

Импорттық кедендік баж мөлшерлемелерін өзгерту жөніндегі ұсыныстар сыртқы сауданы реттеудің кедендік-тарифтік, тарифтік емес, сауда және өтемақы шараларын қолдану, өзгерту немесе жою туралы ұсыныстарды қарау қағидаларына сәйкес енгізіледі. Аталған қағидалар ҚР Сауда және интеграция министрінің 2019 жылғы 21 тамыздағы №21 бұйрығымен бекітілген.