QazIndustry мемлекеттік ынталандыру шараларын түсіндіру мақсатында Ашық есік күндерін өткізеді

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы бизнесті мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша ақпараттық-кеңес беру қызметін жалғастыруда. Әр сейсенбі және бейсенбі сайын «QazIndustry» АҚ-да сарапшылардың қатысуымен Ашық есік күндері өткізіледі, олар еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерлетуге бағытталған кәсіпорындардың шығындарын өтеу шарттары мен тетіктерін түсіндіреді және қызмет көрсету үшін қажетті құжаттардың тізімін ұсынады.

Ағымдағы жылдың 26 ақпанында орталыққа Қарағанды компанияларының бірінің өкілдері келді. Олар өнімді халықаралық сертификаттаудан өткізуге байланысты шығындарды өтеу мүмкіндігін пайдалануға ниетті. Мұндай сертификаттау қазақстандық компаниялардың трансұлттық құрылымдардың тендерлік рәсімдеріне қатысуына және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуі үшін қажет.

Бизнесті ынталандыру дирекциясының өкілдері хабарлағандай, мемлекет өнімдерді халықаралық сертификаттаудан өткізуге байланысты компаниялардың шығындарының 50% өтейді. 2025 жылғы қарашадан бастап мұндай шығындарға берілетін өтемақы мөлшері бес есеге артты – 3000-нан 15000 АЕК-ке дейін (шамамен 65 млн теңге).

Ашық есік күніне қатысушыларға шығындарды өтеудің жаңа тетігі бойынша толық ақпарат берілді. Олар шығындарды өтеуге қатысты барлық сұрақтарына жауап алып, егжей-тегжейлі кеңес көрсеткені үшін алғыс білдірді.

Егер сіз шағын және орта бизнес өкілі болсаңыз, әр сейсенбі және бейсенбі күндері QazIndustry кеңсесінде (Астана қ., Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) өтетін Ашық есік күндеріне келе аласыз.

Бизнесті ынталандыру туралы толық ақпарат www.qazindustry.gov.kz ресми сайтында орналастырылған. Сондай-ақ кеңес алу үшін +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444) нөміріне хабарласуға болады.