QazIndustry елордалық Кәсіпкерлер палатасында мемлекеттік қолдау шараларын таныстырды

Ағымдағы жылдың 26 ақпанында Астана қаласындағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Өнеркәсіп, отандық тауар өндірушілерді дамыту және қолдау» салалық кеңесінің отырысы өтті. Шараға «Байтерек» ұлттық инвестициялық холдингі, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ сияқты даму институттарының өкілдері, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері және кәсіпкерлер қатысты.

Салалық кеңес отырысы бизнес өкілдерінен түсіп жатқан сұрақтар мен өтініштерге байланысты, бизнеске арналған қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктері туралы кеңінен ақпарат беру мақсатында ұйымдастырылды.

Жиынға «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Жұмаділов Дархан қатысты. Ол шағын және орта бизнес субъектілеріне арналған мемлекеттік ынталандыру шараларын таныстырып, кәсіпорындардың шығындарын өтеудің жаңа тетіктері туралы ақпарат берді.

«QazIndustry кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерлетуге бағытталған шығындарының 40–50 пайызын өтейді. Кәсіпорындар технологиялық жабдық сатып алу, цифрлық технологияларды енгізу, қызметкерлердің құзыретін арттыру, өндіріс тиімділігін жақсарту, шығарылатын өнімді сертификаттау сияқты шығындарының бір бөлігін өтей алады. Өткен жылдың соңында өңдеу өнеркәсібін қолдау мақсатында мемлекет өтейтін шығын түрлерінің тізімі кеңейтілді. Биыл алғаш рет кәсіпорындарға ел ішінде басым тауарларды теміржол көлігімен тасымалдау шығындарының 50 пайызына дейін өтеледі. Бұған қоса, халықаралық сертификат алуға жұмсалатын шығындарды өтеу көлемі де бірнеше есе артты», – деп атап өтті спикер.

Берілген ақпарат бизнес-қоғамдастық тарапынан үлкен қызығушылық тудырды. Кәсіпорын өкілдеріне QazIndustry мамандарынан аптаның әр сейсенбі және бейсенбі күндері ұйымдастырылатын Ашық есік күндеріне келіп (Астана қ., Қабанбай батыр даңғылы, 17) кеңес алу мүмкіндіктері бар екендіктері айтылды. Сондай-ақ, +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444) байланыс нөміріне хабарласуға болады. QazIndustry тарапынан кәсіпорын шығындарын өтеу қызметтері туралы толық ақпарат https://qazindustry.gov.kz/ru/business_support сілтемесі арқылы қолжетімді.