QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі қолдауымен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы бірлескен кооперациялық жобаларды қаржылай қолдау тетігі бойынша онлайн-семинар өткізді. Іс-шараға мемлекеттік органдардың, ұлттық даму институттарының, екінші деңгейлі банктердің, қаржы ұйымдарының, салалық қауымдастықтардың және өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдері қатысты. Барлығы 80-нен астам адам қамтылды.
ҚР ӨҚМ Өнеркәсіптік саясат департаментінің өнеркәсіп салаларындағы интеграциялық процестер басқармасының басшысы Темірлан Закир аталған тетік өнеркәсіптік кооперацияны тереңдетудің және қазақстандық кәсіпорындардың интеграциялық жобаларға қатысуын кеңейтудің негізгі құралдарының бірі екенін атап өтті.
«QazIndustry» АҚ Экономикалық интеграция дирекциясының басшысы Жанна Әубәкірова механизмге қатысу шарттары, іріктеу критерийлері, кооперация құрылымына қойылатын талаптар және өтінім беру тәртібі туралы айтып берді. Қатысушыларға құжаттар топтамасын қалыптастыру ерекшеліктері, қаржы ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі, сондай-ақ жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде оны жүргізудің практикалық аспектілері түсіндірілді.
Айта кетейік, ЕАЭО аясындағы өнеркәсіптік кооперацияны қаржыландыру тетігі 2024 жылы іске қосылды. Ол банктік кредиттер мен қарыздар бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауды көздейді және «бестікке» кіретін елдердің компанияларына бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін қаржылық қолдау алуға мүмкіндік береді.
Жоба субсидиялауға қабылдануы үшін өңдеу өнеркәсібі саласына жатуы және оған ЕАЭО-ға мүше кемінде үш елдің кәсіпорындары қатысуы тиіс.
Семинар барысында Қазақстаннан мақұлданған алғашқы жоба – ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін «Kazrost Engineering Ltd.» компаниясының тәжірибесі таныстырылды. Компания өкілі механизмге қатысу тәжірибесімен бөлісіп, құжаттарды дұрыс толтыру, кооперациялық құрамды алдын ала пысықтау, банкпен өзара әрекеттесу және жобаның қаржылық параметрлерін есептеу бойынша ұсыныстарымен бөлісті.
Онлайн-семинар сұрақ-жауап сессиясымен аяқталды. Қатысушылар тарапынан қаржылық-экономикалық және төлем рәсімдеріне қатысты мәселелерге ерекше қызығушылық танытылды.
Қорытындылай келе, министрлік пен QazIndustry өкілдері қаржы ұйымдары мен бизнес қауымдастығын қаржылық қолдау тетігіне белсендірек қатысуға шақырды. Бұл құралды тиімді пайдалану өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және ЕАЭО аясында жеңілдетілген қаржыландыру көздерін тартуға мүмкіндік береді.
Семинар қатысушылары консультациялық жұмысты жалғастыруға және осындай оқыту іс-шараларына алдағы уақытта да қатысуға мүдделі екендерін білдірді.
