Ағымдағы жылдың 17–19 наурыз күндері Алматы қаласында Central Asia Plast World 2026 18-ші халықаралық көрмесі өтті. «Атакент» халықаралық көрме орталығында 20-дан астам елден келген 200-ге жуық компания пластмасса мен қаптамаларды қайта өңдеуге арналған жабдықтарды, шикізатты, пресс-формаларды, 3D-баспа технологияларын, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу шешімдерін ұсынды. Австрия, Германия, Италия және Түркия көрмеде жеке ұлттық стендтерімен таныстырылды.
Қазақстандық химия өнеркәсібі одағы ұйымдастырған іс-шарада өнеркәсіп және құрылыс, ұлттық экономика, экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, бірнеше даму институттарының, сондай-ақ салалық кәсіпорындардың өкілдері баяндама жасады.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Дархан Жұмаділов бизнеске арналған мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы айтып, кәсіпорындардың шығындарын өтеу тетігін таныстырды. Компания өкілдеріне өндірісті дамытуға, технологиялық жабдықты жаңғыртуға және өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жұмсалған шығындарының 40–50 %-на дейін өтеу мүмкіндіктері туралы ақпарат жеткізілді.
Сонымен қатар жиын барысында «QazIndustry» АҚ ТМК және химия саласын дамыту дирекциясының бас сарапшысы Салтанат Үйсімбаева пластмасса өнеркәсібіндегі әлемдік трендтер мен олардың Қазақстан нарығына әсері туралы баяндама жасады.
Аталған дирекцияның салалық көрмеге қатысуы оның химия саласында ақпараттық-талдамалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ трендтерді, мүмкіндіктер мен тәуекелдерді талдау сияқты негізгі функциясымен байланысты.
Айта кетейік, QazIndustry жыл сайын тұрақты түрде Central Asia Plast World көрмесіне қатысады. Бұл Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының химия саласын дамытуға жүйелі көзқарасын көрсетеді. Соның нәтижесінде қатысушы компаниялар жаһандық трендтер бойынша өзекті талдаумен қатар, өз бизнесін ауқымдау үшін мемлекеттік ынталандыру шараларын қолданудың нақты тетіктері туралы ақпаратқа қол жеткізеді.
