QazIndustry Орал қаласында өткен инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша семинарға қатысты

Ағымдағы жылдың 27 наурызында Орал қаласында «Инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбында өңірлік семинар өтті. Іс-шара ҚР Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитеті және «Kazakh Invest» ҰК» АҚ тарапынан инвестициялық қызметті қолдау және бизнесті қолдаудың сыртқы, орталық және өңірлік деңгейлері арасындағы тиімді өзара іс-қимылды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.

Семинарға Батыс Қазақстан облысы мен Орал қаласы әкімдіктерінің, ҚР СІМ Инвестиция комитетінің, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басшылығы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, Өнеркәсіпті дамыту қорының, «Kazakh Export» экспорттық-кредиттік агенттігінің және «Атамекен» ҰКП өңірлік өкілдері, Қазақстанның Даму банкінің, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының және «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығының қызметкерлері, сондай-ақ Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Ақтөбе облыстарының кәсіпкерлері қатысты.

Кездесуді Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Айтмұхамбетов Қалияр алғы сөзімен ашып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.

Семинар барысында инвесторларды қолдау құралдары, оның ішінде АЭА аумақтарындағы мүмкіндіктер мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау тетіктері қарастырылды, сондай-ақ Қазақстандағы инвестициялық және кәсіпкерлік қызметті мемлекеттік қолдау шаралары таныстырылды.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын қолдау бойынша «QazIndustry» АҚ ұсынатын қызметтер туралы Бизнесті ынталандыру дирекциясының басшысы Дархан Жұмаділов баяндады. Оның айтуынша, мемлекет кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарыққа ілгерілетуге жұмсаған шығындарының 40 %-дан 50 %-ға дейін өтелетінін атап өтті.

«Өткен жылы өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру құралдары кеңейтілді. Енді отандық кәсіпорындар басым тауарларды ел ішінде теміржол көлігі арқылы тасымалдауға кеткен шығындарының 50 %-ына дейін өтемақы ала алады. Мұндай шара өндірушілердің тасымалдау шығындарын азайтуға және қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар, трансұлттық корпорациялармен жұмыс істегісі келетін компаниялар үшін халықаралық сертификаттау шығындарын өтеу мөлшері бес есе артты», – деп толықтырды спикер.

Іс-шара аясында қатысушылар «Белес-Агро», Uralsk Offices және «Оралагрореммаш» жобаларымен танысты.

Айта кетейік, биыл инвестиция тарту бойынша мұндай семинарлар өңірлерде тоқсан сайын өткізілетін болады. Аталмыш іс-шаралар мемлекет пен бизнес арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік беріп, кәсіпкерлерді өсуге қажетті өзекті ақпараттармен қамтамасыз етеді. QazIndustry мамандары осы бағыттағы іс-шараларға жүйелі түрде қатысып, бизнесті мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша қолдау көрсетеді.