Қазақстанда цифрлық трансформация қарқынды түрде дамып келеді. Мемлекет басшысының жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында түрлі салаларды, соның ішінде өнеркәсіпті цифрландыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
2026 жылғы 1 сәуірде «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен, «Өнеркәсіптегі жасанды интеллект және цифрлық трансформация: тәжірибе, қателіктер және нәтижелер» атты стратегиялық сессия өткізді. Оған түрлі бағыттағы 100-ге жуық компанияның, оның ішінде өнеркәсіп көшбасшылары мен еліміздің барлық өңірлерінен салалық қауымдастықтар өкілдері қатысты.
Сессияны «QazIndustry» АҚ Цифрлық трансформациялау дирекциясының өкілі Айнұр Ахтанова модератор ретінде жүргізді.
Өнеркәсіпті цифрландыру және ЖИ шешімдерін енгізу тәжірибесімен жасанды интеллектті дамыту қауымдастығының Қазақстандағы чаптерінің төрағасы Бақытжан Сүлейменов, «KARLSKRONA LC AB» ЖШС бас директорының ЖИ енгізу жөніндегі кеңесшісі Тимур Ахмедов және ERG құрамындағы GenAI жүйелерін әзірлеу бөлімінің басшысы Роман Марченко бөлісті.
Б. Сүлейменовтің айтуынша, қаржы секторы жасанды интеллект шешімдеріне бейімділігі жоғары болғанымен, өнеркәсіп кешені жаһандық деңгейде баяу қарқынмен дамуда. Бұл өндірістік процестердің үздіксіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығымен байланысты. Өнеркәсіпте әрбір шешім ұзақ сынақтан өтіп, сенімділігі дәлелденуі тиіс. Оның пікірінше, қазақстандық кәсіпорындар бүгінде сенім қалыптастыру кезеңінде тұр – инновацияларды енгізу үшін білікті мамандармен қатар нақты экономикалық тиімділігі дәлелденген кейстер қажет.
«KARLSKRONA» өкілі ЖИ енгізу кезінде кездесетін ұйымдастырушылық және басқарушылық қиындықтар туралы айтты. Тимур Ахмедовтің пікірінше, кәсіпорындардың цифрлық жетілу деңгейі тек инновациялардың болуымен емес, ең алдымен сапалы әрі құрылымдалған деректер ағындарын қалыптастырумен өлшенеді. Яғни, интеллектуалды жүйелерді енгізбес бұрын деректерді жинау, сақтау және өңдеу мәдениетін қалыптастыру маңызды.
Роман Марченко ERG компаниясында енгізілген GenAI жүйелерінің бірі – басқарылатын корпоративтік интеллект платформасын таныстырды. Оның айтуынша, бұл шешім компания үшін «жаңа мүмкіндіктер деңгейін» қалыптастырады. Сарапшы цифрлық трансформацияның мәні – компания ішінде ІТ-шешімдерді өз бетінше әзірлеу қабілетін қалыптастыру және соның негізінде бизнес-процестерді қайта құру екенін атап өтті.
Сессия барысында бизнес өкілдері жасанды интеллектті енгізу алгоритмдерінен бастап, киберқауіпсіздік пен дербес деректерді қорғау мәселелеріне дейінгі өзекті сұрақтарына жауап алды.
Қатысушылардың жоғары қызығушылығы өнеркәсіп секторының трансформацияға дайын екенін, алайда нақты бағыт-бағдар қажет екенін көрсетті. А. Ахтанова атап өткендей, бұл бағытта мемлекет QazIndustry арқылы өнеркәсіпті цифрлық трансформациялауға жәрдемдесіп, инновациялық шешімдерді енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеуде. Сонымен қатар, ЖИ енгізу жөніндегі Жол картасы аясында ірі кәсіпорындармен жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұдан бөлек, QazIndustry кәсіпорындардың цифрлық технологияларды енгізуге жұмсаған шығындарының 40%-ына дейін өтейді, оның ішінде цифрлық жабдықтарды сатып алу шығындары өтеледі.
