QazIndustry өкілдері XIII Машина жасаушылар форумына қатысты

Астанада отандық машина жасау және өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелерін талқылауға арналған мемлекет пен бизнес арасындағы басты диалог алаңы – XIII Машина жасаушылар форумы өтуде. Форум салаларды одан әрі дамытуға қатысты стратегиялық бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Екі күнге жоспарланған іс-шараға 1000-нан астам қатысушы жиналды. Оның ішінде 20-дан астам елден келген 100-ден астам шетелдік делегат бар. Форум аясында EXPO халықаралық көрме орталығы базасында VII Халықаралық Kazakhstan Machinery Fair 2026 көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге 24 елден 280-нен астам компания қатысып, шағын станоктардан бастап ірі көлік құралдарына дейінгі өнімдерін ұсынды.

Форум бағдарламасы отандық машина жасауды дамытудың кешенді жоспарын іске асыру, шетелдік әріптестердің рөлі, саланы роботтандыру және цифрландыру, кадр даярлау және кәсіпорындарды қаржылай қолдау тетіктеріне арналған панельдік және секциялық отырыстарды қамтиды.

Іс-шараға QazIndustry Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының машина жасау, цифрлық трансформация, экономикалық интеграция, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау және мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекцияларының өкілдері қатысты.

Секциялық отырыста «Өнеркәсіптегі роботтандыру және цифрландыру» тақырыбында QazIndustry цифрлық трансформация дирекциясының өкілі Айнұр Ахтанова баяндама жасады.

Оның айтуынша, елімізде заманауи технологиялық шешімдерді енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Ірі кәсіпорындардың өндірістік процестеріне жасанды интеллектті енгізу жөніндегі Жол картасы іске асырылып жатыр. Сонымен қатар өндірістік учаскелерді роботтандыру жобалары жүзеге асырылуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша ел кәсіпорындарында 300-ден астам өнеркәсіптік робот орнатылған.

Секциялық отырыста 2026–2029 жылдарға арналған «Экономика салаларын роботтандыру» ұлттық жобасын қабылдау мәселесі де қаралды. Бұл жоба роботтандырылған технологияларды кеңінен енгізуге, отандық робот техникасын дамытуға және білікті кадрлар даярлауға бағытталған маңызды құрал болмақ.

Форум аясында QazIndustry мамандары қазақстандық өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдеріне мемлекеттік ынталандыру шаралары бойынша кеңес беріп, алдағы ынтымақтастық үшін іскерлік байланыстар орнатты.

Айта кетейік, QazIndustry Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен заманауи технологияларды енгізу бойынша ұсынымдар әзірлейді, оқыту шараларын ұйымдастырады және автоматтандыру бағытында әдістемелік қолдау көрсетеді. Сонымен қатар орталық кәсіпорындардың цифрлық шешімдерді енгізуге жұмсаған шығындарының 40%-ына дейін өтейді. Бұдан бөлек, QazIndustry ЕАЭО мәселелері бойынша сараптамалық орталық ретінде отандық тауар өндірушілердің мүдделерін қорғауға және сауда кедергілерін жоюға жәрдемдеседі.