Отандық құрылыс материалдары өндірісінің үлесі 71,3%-ға жетті

2025 жылы құрылыс материалдары өндірісінің көлемі 1 734,6 млрд теңгені құрады. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,8%-ға артық (1 336 млрд теңге). Бұл туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясы хабарлады.

Саладағы өсім бірқатар өнім түрлері өндірісінің артуы есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, портландцемент (ақ цементтен басқа) өндірісі 17,2%-ға өсіп, 14 378 мың тоннаға жетті. Сондай-ақ цементтен, бетоннан немесе жасанды тастан жасалған плиткалар, плиталар, кірпіштер және ұқсас бұйымдар өндірісі 16,1%-ға артып, 6 978 мың тоннаны құрады. Құрылыс мақсаттарына арналған бетон бұйымдарының өндірісі 14,7%-ға көбейіп, 10 091 мың тоннаға жетті. Сонымен қатар басқа да құрылыс материалдарының өндірісі артты.

Өндіріс көлемінің өсуіне әсер еткен негізгі көрсеткіштердің бірі – құрылыс жұмыстары көлемінің артуы. 2025 жылы бұл көрсеткіш 15,9%-ға өсіп, 10 704,8 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар, құрылыс материалдары өндірісінің ұлғаюына тұрғын үй құрылысына салынған инвестициялар да оң ықпал етті. Қарастырылған кезеңде тұрғын үй құрылысына 3 766,8 млрд теңге инвестиция бағытталды, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 6,8%-ға көп.

2025 жылдың қаңтар–желтоқсан айларының қорытындысы бойынша отандық өндірістің үлесі 4,88 пайыздық тармаққа өсіп, 71,3%-ды құрады. Ішкі нарықтағы тұтыну көлемі 4 233,14 млн АҚШ долларына (2 207,96 млрд теңге) жетті. Өндіріс көлемі бойынша ең жоғары көрсеткіштер Астана қаласына (жалпы өндірістің 13,9%-ы), Алматы облысына (9,9%) және Шымкент қаласына (9,7%) тиесілі болды.

Құрылыс материалдары экспортының көлемі 308,6 млн АҚШ долларын құрап, құндық мәнде 11,5%-ға өсті. Экспорттың негізгі бөлігі ТМД елдеріне бағытталды. Ал өнім импортының көлемі 1 216,0 млн АҚШ долларына жетіп, 6,5%-ға төмендеді.

Салаға 222,3 млрд теңге инвестиция салынды, бұл өткен жылдың көрсеткішімен (182 млрд теңге) салыстырғанда 18,5%-ға артық.

Өткен жылы елімізде құрылыс материалдарын өндіруге бағытталған бірқатар жаңа жобалар іске қосылды. Атап айтқанда, Астанада сэндвич-панельдер шығаратын зауыт (ТОО «KazPan»), Шымкентте автоклавты газобетон өндіретін кәсіпорын (ТОО «Sauran Bricks»), Алматы облысында шыны мақта (стекловата) өндіретін зауыт (ТОО «ТК Газоблок») және басқа да өндіріс орындары іске қосылды.

Саладағы өндіріс көлемінің одан әрі өсуіне «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасын іске асыру және 2029 жылға дейін жоспарланған тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі (111 млн шаршы метр) оң ықпал ететін болады.