«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кеңсесінде Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталықтың (IMBC) өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу екіжақты ынтымақтастықты нығайту аясында ұйымдастырылып, мұнай-газ машина жасау саласындағы отандық өндірушілерді қолдау мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан өзара диалогтың жалғасына айналды.
IMBC мемлекет, ірі мұнай-газ операторлары және отандық кәсіпорындар арасында байланыс орната отырып, мұнай-газ саласына қажетті өнімдерді ел ішінде өндіруді дамытуға ықпал етеді. Қауымдастық нарыққа талдау жүргізіп, кәсіпорындардың біліктілік деңгейін бағалайды және қазақстандық машина жасаушылардың ірі операторлардың жоғары стандарттарына сай болуына мүмкіндік беру үшін инвестициялар тартады.
Компания өкілдері атап өткендей, қазақстандық тауар өндірушілер үшін халықаралық сапа стандарттарына сәйкестік трансұлттық компаниялардың тендерлеріне қатысудағы негізгі талаптардың бірі болып отыр. Халықаралық сертификаттау, әсіресе мұнай-газ машина жасау саласында, бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын басты фактор ретінде қарастырылады. Осыған байланысты «QazIndustry» АҚ тарапынан кәсіпорындардың өнімін халықаралық сертификаттауға жұмсалған шығындарын өтеу тетігі өзекті болып отыр. Өткен жылдың қараша айынан бастап бұл бағыттағы өтемақы көлемінің бес есеге ұлғайып, 15 000 АЕК-ке дейін жетуі аталған қолдаудың маңызын одан әрі арттыра түсті.
IMBC өкілдері халықаралық өнімді сертификаттауға жұмсалатын шығындарды өтеу бойынша мемлекеттік қолдау тауар өндірушілер үшін аса маңызды екенін атап өтіп, осы бағытта бірлескен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.
Келіссөздердің негізгі бағыты елішілік құндылық үлесін арттырудың тұрақты тетіктерін қалыптастыруға және мұнай-газ машина жасау субъектілері мен оған іргелес кәсіпорындарды ынталандыру мүмкіндіктерін кеңейтуге арналды. «QazIndustry» АҚ өкілдері мұнай-газ және онымен сабақтас салалардағы шағын және орта бизнес субъектілері технологиялық жабдық сатып алуға, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға, сондай-ақ Қазақстан ішінде басым отандық тауарларды теміржол арқылы жеткізуге және басқа да бағыттарға жұмсалған шығындарды өтей алатынын хабарлады.
Тараптар әріптестікті кеңейту перспективаларын, атап айтқанда, өнеркәсіптік секторды дамытуға арналған талдамалық деректермен алмасу және бейінді сарапшыларды тарта отырып, өзара кеңес беру тәжірибесін енгізу мәселелерін қарастырды.
IMBC өкілдері отандық тауар өндірушілерді қолдау ісінде «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының жоғары маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ «QazIndustry» АҚ терең салалық сараптамасы мен сапалы талдамалық деректері отандық өндірісті дамыту стратегияларын қалыптастыру барысында сараптамалық қауымдастық үшін маңызды бағдар болып табылатыны ерекше аталып өтті.

