«QazIndustry» АҚ серіктестік байланыстарды нығайтуды жалғастыруда. Ағымдағы жылдың 16 сәуірінде «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ә. Бектембаев пен «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» АҚ президенті, запастағы генерал-майор А. Рыспаев ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында тараптар ғылыми-зерттеу, талдамалық және сараптамалық қызмет бағыттарында бірлесе жұмыс атқарып, қазақстандық өнеркәсіптің, оның ішінде қорғаныс-өнеркәсіптік кешеннің әлеуетін арттыруды жоспарлап отыр.
Кездесу барысында Ә. Бектембаев «QazIndustry» АҚ-ның отандық өнеркәсіпті дамытудағы және елішілік құндылықты арттырудағы рөліне тоқталды. Сондай-ақ ол Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы жүргізіп отырған ғылыми зерттеулер мен іске асырылып жатқан жобалардың маңыздылығын атап өтіп, олардың қолданбалы ғылым мен өндірістің тиімді ықпалдасуының нақты мысалы екенін жеткізді.
Өз кезегінде орталық өкілдері өнеркәсіпті одан әрі дамыту мақсатында QazIndustry-мен өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.
Айта кетейік, Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы 2008 жылы құрылған. Орталықтың негізгі мақсаты – ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы ғылыми жобаларды іске асыру.
