Астана қаласында өңір үшін бірегей кәсіпорын өз жұмысын бастады. Өткен жылдың тамыз айында тіркелген Lids and Leads компаниясы отандық шикізатты толық пайдалана отырып, суық және ыстық сусындарға арналған пластикалық қақпақтар өндірісін бастады. Жоба жаңа болғанымен, кәсіпорын ішкі нарықтағы сұранысты қамтамасыз ету және осы сегменттегі импорт үлесін қысқарту сияқты ауқымды мақсаттарды алға қойып отыр.
Lids and Leads сусын стақандарына арналған тағамдық полипропилен қақпақтарын шығарады. Бұл толығымен локализацияланған өнім: өндірісте қазақстандық шикізат пайдаланылады және жергілікті мамандар жұмыс істейді.
«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясы мен маркетинг дирекциясының өкілдері жаңа өндірістік алаңға барып, кәсіпорынның өндірістік үдерістерімен танысып, мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну тетіктері мен оны алу шарттары туралы ақпарат берді.
«Жаңа кәсіпорындар үшін мемлекеттік қолдау ерекше маңызды, өйткені олардың көбіне қарқынды даму үшін ресурстар жетіспейді. Бұл компания шағын және орта бизнес субъектісі ретінде «QazIndustry» АҚ ұсынатын мемлекеттік ынталандыру шараларына қатыса алады. Соның ішінде технологиялық жабдық сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеу мүмкіндігі бар. Мұндай шығындардың 40 пайызы өтеледі», – деп атап өтті мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясының бас сарапшысы Ясинхан Сайлауқызы.
Сонымен қатар кәсіпорын өкілдері өнімді сертификаттауға жұмсалған шығындарды өтеу және ел ішіндегі теміржол көлігімен тасымалдау шығындары бойынша қолдау алу мүмкіндігіне қызығушылық танытты. Өз кезегінде сарапшылар өтінім беру тетіктерін толығырақ түсіндіру мақсатында кәсіпорын өкілдерін «QazIndustry» АҚ кеңсесінде өтетін Ашық есік күніне шақырды.
Lids and Leads басшылығы бизнесті қолдаудың мұндай ауқымды құралдары жас өндірістер үшін маңызды ынталандыру болатынын атап өтті.
«Жабдық сатып алу, өнімді сертификаттау және тасымалдау шығындарын өтеу мүмкіндігі бізге нарыққа жылдамырақ шығуға және өніміміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Біз сарапшылардың шақыртуын міндетті түрде қабылдап, барлық мүмкіндіктерді жан-жақты зерделейміз», – деп атап өтті кәсіпорын өкілдері.
Егер сіз мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы толығырақ білгіңіз келсе, «QazIndustry» АҚ Астана қаласындағы кеңсесінде (Қабанбай батыр даңғылы, 17, Е блогы) апта сайын сейсенбі және бейсенбі күндері Ашық есік күндері өткізіледі. Кеңес алу үшін байланыс телефоны: +7 (7172) 79 33 99 (ішкі 444).
Мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат https://qazindustry.gov.kz/kk/business_support сілтемесінде орналастырылған. Осы сілтеме арқылы сіз шығындарды өтеуге өтініш бере аласыз.

