«QazIndustry» өкілдері ағымдағы жылдың 28 сәуірінде Астанада өткен Kazakhstan Textile Industry Forum (KTIF) форумына қатысты. Бұл іскерлік алаң Қазақстанның тоқыма өнеркәсібін дамыту стратегиясын талқылауға арналған.
Қазақстандық тоқыма өнеркәсібі форумының жұмысына мемлекеттік органдардың, бейінді оқу орындарының, бірқатар даму институттарының және жеке құрылымдардың өкілдері, сондай-ақ дизайнерлер қатысты. Олардың қатарында Kazakhstan Fashion Week жобасының негізін қалаушы Алексей Чжен де болды.
Форумға қатысушылар тоқыма өнеркәсібін және оған іргелес салаларды дамыту, ішкі өндірісті нығайту және импортты алмастыру мәселелерін талқылады. Қаржы институттарының өкілдері саланы қолдауға бағытталған бағдарламаларын таныстырды.
Форумда жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіби стандарттар туралы «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының Жеңіл өнеркәсіп, ағаш өңдеу, жиһаз өнеркәсібін және құрылыс материалдары өндірісін дамыту дирекциясының басшысы Жанна Байтемирова баяндама жасады.
«QazIndustry» АҚ көрсететін қызметтерді форум мен көрме залында Мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясының сарапшылары Аида Әлшінбаева мен Ясинхан Сайлауқызы таныстырды. Олар Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ілгерілетуге бағытталған шығындарының 40–50%-ын өтеп беретінін атап өтті. Бұл өтемақыға технологиялық жабдық сатып алу, өндірістік процестерді жетілдіру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, сертификаттаудан өту, соның ішінде халықаралық сертификаттау және өзге де шығындар кіреді.
Бизнес өкілдері тарапынан өнімге сәйкестендіру құралдарын таңбалау жабдықтарын сатып алуға және аяқ киім өнімдерін таңбалауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуге жұмсалған шығындарды өтеу шаралары ерекше қызығушылық тудырды. Бұл жеңіл өнеркәсіп, әсіресе оның тоқыма саласы үшін аса маңызды.
Сонымен қатар, кәсіпкерлер ел ішінде өнімді теміржол көлігімен жеткізуге байланысты шығындарының жартысы өтелетінін білді. Бұл қолдау шарасы Қазақстанның оңтүстік өңірлері үшін ерекше өзекті, себебі мұнда жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары, соның ішінде тоқыма өнімдерін өндіретін кәсіпорындар ең көп шоғырланған.

