Жарықдиодты модульдерді әкелуге тарифтік жеңілдік мақұлданды

2026 жылғы мамырдан бастап 2028 жылғы 30 маусымды қоса алғанда, ЕАЭО-ның жекелеген елдері үшін жарықдиодты шамдарды өндіруге арналған (СЭҚ ТН 8539 51 900 1 коды бойынша жіктелетін) жекелеген жарықдиодты (LED) модульдерді әкелу кезінде кедендік әкелу бажын төлеуден босату түрінде тарифтік жеңілдік ұсынылады. Бұл туралы «QazIndustry» АҚ Экономикалық интеграция және халықаралық ынтымақтастық дирекциясы хабарлайды.

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының қолдауымен Қазақстан Республикасы үшін аталған тарифтік жеңілдік 30 млн дана көлемінде бөлінеді. Жеңілдікті алу үшін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі беретін растайтын құжаттың болуы қажет. Құжатта әкелінетін тауарлардың саны және оларды импорттайтын ұйымдар туралы мәліметтер көрсетілуі тиіс.

Аталған шара ағымдағы жылғы 27 сәуірде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің отырысында қабылданды. Бұл шешім фискалдық жүктемені және өндірістік шығындарды азайту арқылы жиынтықтаушы өнімдерді сатып алу көлемін арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ дайын өнімнің ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға оң әсерін тигізеді.

Естеріңізге сала кетейік, әкелу кедендік баждарының мөлшерлемелерін өзгерту бойынша ұсыныстар Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2019 жылғы 21 тамыздағы №21 бұйрығымен бекітілген сыртқы сауда қызметін кедендік-тарифтік, тарифтік емес, сауда және өтемақы шараларын қолдану, өзгерту немесе алып тастау жөніндегі ұсыныстарды қарау қағидаларына сәйкес енгізіледі.