Осы аптада QazIndustry өкілдері Алматы қаласы мен Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, бірнеше іс-шараға қатысты.
19 мамырда Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының алаңында Индустриялық саясат, Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау және Мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекцияларының сарапшылары өңірдің бизнес-қоғамдастығымен кездесу өткізді. Онда Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының (ҚИЭО) қызметінің негізгі бағыттары таныстырылып, өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шаралары туралы айтылды және Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізу тәртібі түсіндірілді.
Кездесу аясында кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргізілді. Ол мемлекеттік ынталандыру тетіктерін жетілдіру, кадрлық әлеуетті дамыту, кәсіпорындарды шикізат базасымен қамтамасыз ету, өткізу нарықтарын кеңейту және жаңа технологияларды енгізу бойынша ұсыныстар жинауға бағытталған.
Сонымен қатар, индустриялық дамуды бағалау және өнеркәсіптік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау мақсатында QazIndustry сарапшылары Алматы қаласы мен Алматы облысындағы бірқатар кәсіпорынды аралады. Атап айтқанда, «ЦПИ Центр прикладной инженерии» (дайын металл бұйымдары), «Сервис безопасности-Центр СИЗ» (өрт сөндіргіштер), «Almaty Turmystyq Tehnika Zavody» (газ және электр плиталары), «ПрофХим» (химиялық өнімдер), «Келет» (сорғылар мен желдеткіштер), «BLS Group» (сыртқы киім), «Элкос» (металл бұйымдары) компанияларының өндірістік алаңдарында болды.
Нысандарды аралау барысында QazIndustry өкілдері өндірістік цехтардың жұмысымен танысып, технологиялық процестерді зерттеді және бүгінгі таңда бизнесті толғандырып отырған өзекті мәселелерді, атап айтқанда, қолдау шаралары, кедергілер мен даму мүмкіндіктері туралы талқылады. Сарапшылар кәсіпкерлерге шығындарды өтеу тетіктері туралы егжей-тегжейлі түсіндіріп, сұрақтарға жауап берді және нақты ұсыныстар жасады.
QazIndustry өкілдері іссапар аясында KIHE 2026 31-ші Қазақстандық халықаралық денсаулық сақтау көрмесіне де барып, ҚИЭО қызметтерін таныстырды.
Мамандардың атап өтуінше, өңірлерге жасалатын мұндай жұмыс сапарлары бизнестің түйткілді мәселелерін тиімді анықтауға және отандық кәсіпорындардың нақты даму әлеуетін бағалауға мүмкіндік береді.
