«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ қолдауымен ЭКСЖ ұлттық жобасы аясында энергетика және коммуналдық секторларды жаңғыртуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларға қатысушылар мен отандық өндірушілер арасында ұзақмерзімді келісімшарттар жасалуда.
Өндірісті оқшаулау және қазақстандық тауар өндірушілердің қатысу үлесін кеңейту мәселелері ЭКСЖ ұлттық жобасын іске асыру жөніндегі семинар-кеңес барысында талқыланды. Іс-шараға бейінді министрліктердің, мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, EPC-мердігерлердің, отандық кәсіпорындар мен салалық сарапшылардың өкілдері қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша ел ішілік құндылық үлесін дамытуға және отандық қамту көлемін арттыруға бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойылды.
Жүргізілген жұмыстың практикалық нәтижелерінің бірі ретінде QazIndustry қолдауымен «Қарағанды-Қотломаш» ЖШС мен «Техсоюз KZ» ЖШС арасында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда қолданылатын жылу оқшаулағыш материал - тігілмелі матаны жеткізу бойынша жалпы сомасы 42 млн теңгеден асатын келісімшарт жасалды. Келісімшарт отандық әлеуетті жеткізушілерді іріктеу жұмыстарының нәтижесінде жүзеге асты.
Семинар барысында «QazIndustry» АҚ Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау дирекциясының басшысы Жансая Жакупова QazIndustry тарапынан отандық өндірушілерді ЭКСЖ жобасын іске асыруға тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, жобалық-сметалық құжаттамаға талдау жасалып, импортты алмастыру әлеуеті айқындалып, инфрақұрылымдық жобалар үшін өнім жеткізуге қабілетті отандық өндірушілер пулы қалыптастырылуда.
Бүгінгі таңда Қоғамға коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту нысандары бойынша ондаған жобалық-сметалық құжаттама келіп түсті. Жүргізілген талдау құбыр арматурасы, жылу алмастыру және сорғы жабдықтары, сондай-ақ өнеркәсіптік өнімдердің жекелеген түрлері бойынша өндірісті оқшаулаудың жоғары әлеуетін көрсетіп отыр. Бұл отандық кәсіпорындардың ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуын кеңейтуге және ұзақмерзімді келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар іс-шара аясында QazIndustry өкілдері «Қазақстандық ТҮКШ орталығы» АҚ қызметкерлерімен бірлесіп, қатысушыларға ЭКСЖ жобасын іске асыру, отандық өндірушілердің қатысу тетіктері және Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімін жүргізу мәселелері бойынша кеңестер берді.
Айта кетейік, ЭКСЖ - Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын ауқымды жаңғыртуға бағытталған ұлттық жоба. Жоба аясында жылу, электр және сумен жабдықтау, сондай-ақ су бұру жүйелерін жаңартуға бағытталған жүздеген бастама іске асырылуда. Жобаның негізгі міндеттерінің бірі – отандық өндірушілерді жеткізу тізбегіне барынша тарту және қазақстандық өнімге тұрақты сұраныс қалыптастыру.


