Шымкент кәсіпорындарының экспорттық әлеуеті, импортты алмастыру және елішілік құндылық үлесін арттыру мәселелері талқыланды

21-22 мамыр күндері «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басшылығы жұмыс сапарымен Шымкент қаласына барды.

Алғашқы күні «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында отандық кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін дамыту және импортты алмастыру мәселелері бойынша 20-ға жуық кәсіпорынның қатысуымен жиналыс өтті. Іс-шараға сондай-ақ «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ және «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында кәсіпорындардың экспорттық әлеуетін арттыру, сыртқы нарықтарға шығу кезіндегі логистикалық шығындарды төмендету, халықаралық сертификаттау рәсімдеріндегі кедергілерді азайту және экспортты дамытуға қатысты өзге де мәселелер талқыланды.

«Өндірісті дамыту, отандық кәсіпорындарды қолдау, экспорт көлемін ұлғайту және импортты алмастыру – еліміздің өнеркәсіптік саясатының негізгі басымдықтарының бірі. Басты мақсат – Қазақстанда өндірілетін өнім көлемін арттыру ғана емес, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін күшейту, сондай-ақ қазақстандық тауарлардың сыртқы нарықтарға шығуына қолдау көрсету», - деп атап өтті «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Ә. Бектембаев.

Аталған міндеттерді іске асыру аясында QazIndustry бірқатар бағыт бойынша жұмыс жүргізіп жатқаны атап өтілді. Атап айтқанда, орталық еңбек өнімділігін арттыру, елішілік құндылық үлесін арттыру, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту, сондай-ақ кәсіпорындарды Еуразиялық тізілімге енгізу бойынша сүйемелдеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл кәсіпорындарға ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларына қатысуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар QazIndustry өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну бойынша ұлттық оператор болып табылады.

Жиын барысында даму институттарының өкілдері өнеркәсіпті қолдау шараларын түсіндіріп, қатысушылардың осы тақырыптағы сұрақтарына жауап берді.

Атап айтқанда, QazIndustry кәсіпорындардың еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге жұмсаған шығындарының 50%-на дейін өтейді. Өткен жылдан бастап мемлекеттік қолдау құралдары кеңейтіліп, енді бизнеске басым тауарларды ел ішінде теміржол арқылы тасымалдау шығындарының 50%-на дейін өтеу мүмкіндігі берілді. Сонымен қатар трансұлттық корпорациялармен келісімшарт жасау мақсатында халықаралық сертификаттауға жұмсалатын шығындарды өтеу лимиті бес есеге - 3000 АЕК-тен 15 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.

Өзге даму институттары да қолдау құралдарын таныстырды. Атап айтқанда, «QazTrade» АҚ өңделген отандық тауарларды сыртқы нарықтарға ілгерілетуге байланысты шығындардың бір бөлігін, оның ішінде экспортталатын өнімді тасымалдау мен халықаралық көрмелерге қатысу шығындарын өтейді, сондай-ақ экспорттық акселерация бағдарламасын іске асырады. Ал «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі» АҚ шикізаттық емес экспортты ілгерілету бойынша мәмілелерге кепілдік беру, қазақстандық тауарларды сатып алатын шетелдік сатып алушыларды қаржыландыру және олардың сенімділігін тексеру, компаниялардың айналым қаражатын толықтыру, сондай-ақ кепіл жеткіліксіз болған жағдайда банктерден қаржыландыру алуға жәрдем көрсету құралдарын ұсынады.

Іс-сапар аясында мамандар «Оңтүстік» АЭА аумағында орналасқан «Balabi Textile» ЖШС (шұлық-ұйық бұйымдары), «Бал Текстиль» ЖШС (кілем және кілем өнімдері) және «ПК АГФ Групп» ЖШС (төсек-орын жабдықтары мен үй текстилі) кәсіпорындарын аралап, өндірістік процестермен танысты және бірқатар мәселелерді талқылады.

Сапардың екінші күні өндірісті дамыту және ел ішіндегі құндылық үлесін арттыру мәселелері басты назарда болды. Іс-шараға QazIndustry-мен бірге «Самұрық-Қазына Контракт» ұлттық компаниясының, сондай-ақ KAZ Minerals, «Қазақмыс» корпорациясы, ERG, «Қазатомөнеркәсіп» және «Теміржолсу» ЖШС өкілдері қатысты.

Делегаттар «Оңтүстік» және «Жұлдыз» индустриялық аймақтарында орналасқан «Kaspi Steel» (металл бұйымдары), «Wan Sheng Ceramic» (керамикалық плитка), «Еврозабор» (металл қоршаулар), «AluTech» (алюминий профильдері) және «КазХимПром Реагент» (ион алмастырғыш шайырлар) кәсіпорындарының өндірістік әлеуетімен танысты. Сонымен қатар ірі жер қойнауын пайдаланушылар мен өңірдің жүйе құраушы кәсіпорындары арасында ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар жасау мүмкіндіктері жан-жақты талқыланды. Бұл өз кезегінде отандық өнімнің кепілдендірілген өткізілуін қамтамасыз етуге, инвестиция тартуға және импортқа тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.

Қатысушылар мемлекеттік ынталандыру шаралары мен QazIndustry тарапынан көрсетілетін сүйемелдеудің өнім өткізу кепілдігін қамтамасыз етуге және ел ішіндегі құндылық үлесін арттыруға қалай ықпал ететінін талқылады.

Шымкент қаласының бизнес қауымдастығы өкілдері QazIndustry мен ұлттық компаниялардың өкілдеріне мұндай ашық диалог алаңдарын ұйымдастырғаны үшін алғыстарын білдіріп, осындай іс-шаралардың жүйелі мәселелерді кедергісіз әрі жедел шешуге, сондай-ақ өндірістік қуаттарды кеңейтуге арналған мемлекеттік қолдау құралдары туралы уақтылы ақпарат алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сапар барысында көтерілген барлық мәселелер бақылауға алынып, жан-жақты зерделенетін болады.

QazIndustry қатысуымен өңірлерге жұмыс сапарлары алдағы уақытта да жалғасады.