QazIndustry ЭКСЖ жобасы аясында отандық өндірушілерді қолдау жұмыстарын жалғастыруда

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту жөніндегі ұлттық жобаны (ЭКСЖ) іске асыруға отандық өндірушілердің қатысуын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыруда. Кәсіпкерлерге келісімшарттар жасасуына жәрдемдесу және инфрақұрылымдық жобаларға қатысуын кеңейту шаралары жүзеге асырылуда.

1 маусым күні QazIndustry кеңсесінде осы бағытта тиісті құжатқа қол қою бойынша іскерлік кездесу өтті. Кездесу барысында қол қойылған шартқа сәйкес «ArInvest energy» ЖШС (Павлодар) «Deevs» ЖШС-не (Семей) «Парус» орталық жылу пункті ғимаратын және магистральдық әрі ішкі орамішілік жылу желілерін реконструкциялау жобасын іске асыру үшін жалпы сомасы шамамен 36,4 млн теңгеге өнім жеткізеді.

«QazIndustry» АҚ Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау дирекциясының басшысы Жансая Жакупова орталықтың отандық өндірушілерді қолдау және олардың ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуын кеңейту бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«QazIndustry-ге коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобалары бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар келіп түсуде. Жүргізілген талдау құбыр арматурасы, сорғы және жылу алмастырғыш жабдықтар, сондай-ақ ілеспе өнеркәсіптік өнімдер сегменттерінде жергілікті қамтудың жоғары әлеуеті бар екенін көрсетеді. Бұл отандық кәсіпорындардың ірі инфрақұрылымдық жобаларға қатысуына нақты мүмкіндіктер ашады», – деді Жансая Жакупова.

Отандық өндірушілер үшін мұндай жобаларға қатысу өндірістік қуаттардың тұрақты жүктелуін қамтамасыз етіп, ішкі нарықтағы үлесті арттыруға мүмкіндік береді.

«Біз инфрақұрылымды жаңғырту жобаларына қатысуға мүдделіміз және өнімді белгіленген мерзімде сапалы жеткізуге дайынбыз», – деді «ArInvest energy» ЖШС директоры Тоғжан Сұраған.

Айта кетейік, QazIndustry мамандары жобалық-сметалық құжаттамаларды талдап, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобалары үшін өнім жеткізе алатын отандық өндірушілер пулын қалыптастыруда.

Өткен аптада QazIndustry қолдауымен «Қарағанды-Котломаш» ЖШС мен «Техсоюз KZ» ЖШС арасында осындай келісімге қол қойылған болатын. Бұл орталықтың отандық өндірушілерді қолдау бағытындағы жүйелі жұмысының жалғасын көрсетеді.