Қазақстан машина жасаушылар одағында ЭКСЖ сатып алу платформасының жұмысы талқыланды

«QazIndustry» АҚ Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау дирекциясының басшысы Жансая Жақыпова Zoom платформасы арқылы онлайн түрде Қазақстан машина жасаушылар одағының кезекті отырысына қатысты. Күн тәртібінде «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» (ЭКСЖ) Ұлттық жобасы аясындағы электрондық сатып алу платформасының жұмыс істеу тәртібі қаралды.

Жиын барысында Ж. Жақыпова «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС өкілімен бірлесіп, қатысушыларға платформаның жұмыс істеу тетіктерін жан-жақты түсіндіріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

Онлайн кездесуге салалық кәсіпорындардың 60-қа жуық өкілі қатысты. Қазақстан машина жасаушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Ерқанат Мақанов ЭКСЖ-ны «сала үшін зор әлеуетке ие жоба» деп атап өтіп, машина жасау саласының кәсіпорындарын елдің энергетика және коммуналдық секторларын жаңғырту жұмыстарына белсенді қатысуға шақырды.

Еске салайық, 2029 жылға дейін жүзеге асырылуы жоспарланған ЭКСЖ ұлттық жобасының мақсаты – инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін кезең-кезеңімен төмендету, энергиямен жабдықтау жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету және коммуналдық қызметтердің сапасын жақсарту. Осы жобаны іске асыру мақсатында әкімшісі «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС болып табылатын meks.zakup.sk.kz мамандандырылған электрондық сатып алу платформасы құрылды.

QazIndustry мемлекет, тапсырыс берушілер және отандық өндірушілер арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, қазақстандық бизнестің инфрақұрылымдық жобаларға кеңінен қатысуына ықпал етеді. Сонымен қатар орталық отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында кешенді талдау жұмыстарын жүргізуде.

Жансая Жақыпованың айтуынша, ЭКСЖ жобасына қатысу үшін 102 жоба мемлекеттік сараптамадан өткен. Бүгінгі таңда QazIndustry сарапшылары 90 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттамаға отандық тауар өндірушілердің өнімдерін жеткізу мүмкіндігі тұрғысынан жан-жақты талдау жүргізді. Оның ішінде 27 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталып кетті.

Отырыс барысында Қазақстанның энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары отандық кәсіпорындардың өнімдеріне басымдық бере отырып жүзеге асырылатыны атап өтілді. Бұл өз кезегінде ішкі өндірістің дамуына және жаңа жұмыс орындарының құрылуына серпін береді.