QazIndustry өкілдері отандық кәсіпорындардың әлеуетін зерделеу, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру және өнеркәсіп саясатын жетілдіруге жәрдемдесу мақсатында нақты экономика секторынан өзекті проблемалық мәселелер мен кедергілерді жинауға бағытталған өңірлік жұмыс сапарлары сериясын жалғастыруда.
Шілденің 29-ы мен тамыздың 1-і аралығында индустриялық саясат және бизнесті мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекцияларының сарапшылары Қостанай облысына барып, өнеркәсіп орындарында бірқатар кездесулер өткізді. Сондай-ақ олар «Қостанай дала фестивалі» агрофестиваліне, «Jańa Dala/Green Day 2026» көрмесіне және Qostanai Investment Forum 2026 іс-шарасына қатысты.
Сапар барысында сарапшылар өңірдің өңдеу өнеркәсібінің негізгі секторлары – автомобиль жасау, ауыл шаруашылығы машина жасау, құрылыс материалдары мен жиһаз өндірісі, жеңіл және тамақ өнеркәсібі кәсіпорындарында болды.
Атап айтқанда, делегаттар арнайы инвестициялық келісімшарт шеңберінде жобаны жүзеге асырып жатқан «KIA Qazaqstan» ЖШС автомобиль шығаратын зауытын, «Тобыл» ӘКК» АҚ пен «Аллюр» компаниялар тобының бірлескен кәсіпорны болып табылатын, белгілі брендтердің көліктерін өнеркәсіптік құрастыру әдісімен шығаратын «СарыарқаАвтоПром» ЖШС-ін, сондай-ақ автокомпоненттерді локализациялау жобасын дамытып жатқан жүк және арнайы техниканы өндіру мен қызмет көрсету жөніндегі «TEHNOPARK KZ» ЖШС кәсіпорнын аралады.
Ауыл шаруашылығы машина жасау сегментінде сарапшылар «АгромашХолдинг KZ» АҚ-ның астық жинайтын комбайндарды, тракторлар мен сепкіштерді құрастыратын өндірістік алаңдарында, «Қостанай» индустриялық паркі базасында Belarus тракторларын құрастыратын «МТЗ-Казахстан Машина жасау зауыты» ЖШС-де, аспалы және тіркемелі ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын «Қостанай агромеханикалық зауыты» ЖШС-де, сондай-ақ мал азығын жинайтын және тіркемелі техника өндіретін «Экспро» ЖШС-де болды.
Құрылыс материалдары мен жиһаз өндірісі саласындағы нысандар қатарына құрама темірбетон және бетон конструкцияларын шығаратын «ИП Савченко» темірбетон бұйымдары зауыты және МДФ-фасадтар мен жиынтықтауыштарды өндіруден бастап толық циклді жиһаз шығаруға дейінгі қызметті жүзеге асыратын «KIRA» жиһаз цехы кірді.
Жеңіл және тамақ өнеркәсібінде сарапшылар арнайы киім, мектеп формасы мен ортопедиялық бұйымдар шығаратын «Азурит» ЖШС-нің, «КМК-PIONEER» ұн тарту кәсіпорнының және 1902 жылы негізі қаланған, өңірдегі ең көне кәсіпорындардың бірі болып табылатын, «Корона» сауда маркасымен ұн мен макарон өнімдерін шығаратын «Қостанай диірмен комбинаты» АҚ-ның қызметімен танысты.
Барлық нысандарда QazIndustry өкілдері өндірістік қуаттармен, іске асырылып жатқан инвестициялық жобалармен және даму перспективаларымен танысып, сондай-ақ басшылықпен өндірістің одан әрі өсуіне кедергі келтіретін мәселелерді талқылады.
Сапар аясында сарапшылар «Қостанай дала фестивалі» агрофестиваліне және «Jańa Dala/Green Day 2026» көрмесіне қатысты. Көрме алаңында 1 тамызда олар өнеркәсіп саласының өкілдерімен ашық кездесіп, бизнесті ынталандырудың қолданыстағы тетіктерін таныстырды.
Бұдан басқа, QazIndustry өкілдері Қостанай облысының 90 жылдығына орайластырылған «Qostanai Investment Forum 2026» форумына қатысты. Іс-шара «TEHNOPARK KZ» ЖШС-нің жаңа автокомпоненттер зауытының алаңында өтті. Оған облыс әкімі Қ. Ақсақалов, Allur директорлар кеңесінің төрағасы А. Лаврентьев, Freedom Holding Group негізін қалаушы әрі CEO-сы Т. Турлов қатысты. Рудный қаласында темір кені окатыштарын шығаратын фабрика құрылысы жобасын ERG бас директоры Қ. Шамиев таныстырды.
Форумға қатысушылар машина жасау, металлургия, қаржы және логистика салаларындағы перспективалық жобаларды, сондай-ақ өңірді дамытудың өзге де мәселелерін талқылады.
Айта кетейік, бизнеспен тікелей диалогты одан әрі нығайту мақсатында QazIndustry-дің Қазақстан өңірлеріне көшпелі кездесулер ұйымдастыру тәжірибесі жалғасатын болады. Мұндай сапарлардың нәтижелері өнеркәсіп саясаты құралдары мен бизнесті мемлекеттік ынталандыру шараларын жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындау кезінде пайдаланылады.
