QazIndustry өңірлік өнеркәсіп орындарымен тікелей диалогты күшейтуде

QazIndustry отандық кәсіпорындардың өндірістік және инвестициялық әлеуетін зерделеуге, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіруге және бизнеске кедергі келтіретін мәселелерді анықтауға бағытталған өңірлік жұмыс сапарларын жалғастыруда.

Атап айтқанда, 10-15 тамыз аралығында индустриалды саясат және бизнесті мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекцияларының сарапшылары Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында болды. Сапар аясында өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының өкілдерімен және Абай облысының «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасында кездесулер өтті.

ШҚО-да QazIndustry өкілдері жеңіл, тамақ өнеркәсібі және машина жасау кәсіпорындарының қызметімен танысты. Арнайы, спорттық және корпоративті киім шығаратын «ПКП Рауан» және «Альприма» ЖШС, «Восток-Молоко» корпорациясы» ЖШС, тау-кен саласына арналған жабдық шығаратын «Қазақстан өнеркәсіптік кәсіпорны» ЖШС, электротехникалық жабдықтар шығаруға маманданған «КЭМОНТ» АҚ, сондай-ақ резинотехникалық, шыныпластикалық бұйымдар мен бейметалл құбырлар өндіретін «Восток Композит» ЖШС нысандары араланды.

Абай облысында сарапшылар тамақ, медицина, жеңіл және целлюлоза-қағаз өнеркәсібі кәсіпорындарын, атап айтқанда «Агролидер KAZ», «Терра Вита», «Техноавиа-Казахстан», «Семей тігін фабрикасы» мен «Казполиграф» ЖШС-ларын аралады.

Мамандар кәсіпорындардың өндірістік қуаттары мен технологиялық процестерін, ағымдағы және перспективалы инвестициялық жобаларын, сондай-ақ кәсіпорындардың одан әрі даму жоспарларын зерделеді. Өндірісті кеңейтуге, өнімділікті арттыруға және шығарылатын өнім көлемін ұлғайтуға қатысты түйткілді мәселелерге ерекше назар аударылды.

Абай облысының «Атамекен» ӨКП алаңында кәсіпорын өкілдерімен өткен кездесуде QazIndustry мамандары қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларын таныстырып, кәсіпкерлердің сұрақтарына жауап берді. Қолдау құралдары мен өнеркәсіптік саясатты жетілдіруге жәрдемдесу мақсатында бизнестен ұсыныстар жинау бойынша сауалнама жүргізілді.

Айта кетейік, QazIndustry-дің өңірлерге жұмыс сапарлары кәсіпорындармен тікелей кері байланысты қамтамасыз етеді және саланың жүйелі проблемаларын жедел анықтауға мүмкіндік береді. Алынған ақпарат пен кәсіпкерлердің ұсыныстары мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру және өнеркәсіптік саясатты дамыту бойынша ұсынымдар дайындау кезінде ескеріледі.