Ағымдағы жылдың 17 тамызы күні Қызылордада отандық тауарларды қолдау және экспорттық әлеуетті дамыту мәселелеріне арналған оқу семинары өтті. Қызылорда облысының әкімдігі ұйымдастырған іс-шара өңірлік тауар өндірушілерді қолдауға, олардың өнімдерін ішкі және сыртқы нарықтарға ілгерілетуге, экспорттық әлеуетті арттыруға, сондай-ақ кәсіпкерлерді қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары мен қолжетімді тетіктер туралы ақпараттандыруға бағытталды.
Семинарға Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н. Аманқұл, «Alyors Group» түрік холдингінің экспорт жөніндегі директоры Н. Өнер, мемлекеттік органдардың, даму институттарының және жергілікті бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Іс-шараға барлығы 100-ге жуық адам қатысты.
Семинар барысында «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы, «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы және Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігінің өкілдері өз қызметтерін таныстырды.
QazIndustry маркетинг дирекциясының басшысы Дархан Жұмаділов кездесу қатысушыларына отандық кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған орталық қызметтері туралы айтып берді.
«QazIndustry кәсіпкерлерді қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі ретінде өнеркәсіп субъектілерінің еңбек өнімділігін арттыруға және өнімдерін ішкі нарықта ілгерілетуге жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтейді. Кәсіпорындар технологиялық жабдықтарды, сондай-ақ цифрлық жабдықтардың жекелеген түрлерін сатып алуға, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға және өндірісті ұйымдастыру тиімділігін арттыруға жұмсалған шығындарының 40%-ын өтеуге мүмкіндіктері бар. Өтінімдер онлайн түрде қабылданады», – деді спикер.
Сонымен қатар, тауар өндірушілер өз өнімдерін ел ішінде теміржол көлігімен тасымалдау шығындарының 50%-ын өтеу мүмкіндігіне ие екені атап өтілді. Бұл, әсіресе, өңірлік бизнес үшін маңызды. Сондай-ақ халықаралық сертификаттауға жұмсалған шығындардың 65 млн теңгеге дейінгі бөлігін өтеуге болады. Мұндай қолдау тетіктерін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі биылғы жылдан бастап енгізді.
QazIndustry өкілі өңірдің бірқатар кәсіпкеріне бизнесті мемлекеттік ынталандыру мәселелері бойынша жеке кеңес беріп, қолдау шараларын көрсету аясындағы одан арғы жұмыс үшін іскерлік байланыстарымен алмасты.
Өз кезегінде семинарға қатысушылар даму институттары өкілдерінің тікелей қатысуымен өтетін мұндай іс-шаралар кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін тікелей талқылауға және мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Айта кетейік, өткен жылы QazIndustry кәсіпорындарға жалпы сомасы 1,4 млрд теңгеден астам шығындарын өтеді. 2026 жылдың жеті айының қорытындысы бойынша өтелген шығындар сомасы 330,4 млн теңгеден асып отыр.
