QazIndustry Басқарма төрағасы Think Tank Forum аясында баяндама жасады

Астанада ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты ұйымдастыруымен «Болашақ бейнесі: нәтижеден - жаңа стратегияға» атты National Think Tank Forum өтті. Іс-шараға мемлекеттік органдар мен даму институттарының басшылары, саясаттанушылар, ғалымдар және түрлі салалардың сарапшылары қатысты.

Форум барысында Қазақстанның даму нәтижелері мен ел дамуының алдағы басымдықтары талқыланды. Диалог алаңдарында экономика, білім және ғылым, цифрландыру және жасанды интеллект, адами капитал, индустрияландыру және энергетика мәселелері көтерілді.

Форум аясында «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Эльдар Гумаров Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің дамуы және саладағы өзекті мәселелерді шешу жолдары туралы баяндама жасады.

«Соңғы жылдары өңдеу өнеркәсібі экономикалық өсудің негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі шамамен 13%-ға жетті. Өндіріс көлемі 30 трлн теңгені құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 79%-ға өсті. Қазақстанның өнеркәсіптік өндірісінің шамамен 49%-ы өңдеу секторына тиесілі. Өндіріс көлемі бойынша ол қазірдің өзінде тау-кен өнеркәсібінен асып түсті. Бұл - Қазақстан экономикасындағы маңызды құрылымдық өзгеріс», - деді спикер.

Э. Гумаров сондай-ақ Қазақстанда автомобиль компоненттерін, редукторларды, ірі диаметрлі құбырларды, аккумуляторларды, трансформаторларды, кабельдік-өткізгіш өнімдерді және өңдеу деңгейі жоғары басқа да өнеркәсіптік өнімдерді шығаратын жаңа өндірістердің іске қосылып жатқанын атап өтті.

QazIndustry басшысының пікірінше, өнеркәсіпті одан әрі трансформациялау өндіріс көлемін арттырумен және өндірістік процестерді цифрландырумен ғана шектелмеуі тиіс. Сонымен қатар шығарылатын өнімнің технологиялық күрделілігін арттыру қажет. Бұл экспорттық мүмкіндіктерді кеңейтіп, экономиканың шикізатқа тәуелділігін біртіндеп төмендетуге мүмкіндік береді.

Баяндамада бизнесті мемлекет тарапынан қолдаудың және QazIndustry-дің өнеркәсіпті дамыту жөніндегі ұлттық даму институты ретіндегі миссиясының маңыздылығына ерекше назар аударылды.

National Think Tank Forum қатысушылары сапалы серпіліске қол жеткізу үшін мемлекет пен түрлі құрылымдардың күш-жігерін одан әрі біріктіру қажет деген қорытындыға келді. Талқылаудың негізгі өзегіне қол жеткізілген нәтижелерді дамудың келесі кезеңіне өту үшін негіз ретінде қарастыру қажеттігі арқау болды.