QazIndustry Profit Industry & Energy Day 2026 конференциясына қатысты

Астанада еліміздің өнеркәсіп және энергетика секторларында цифрландыру процестеріне, инновациялар мен IT-шешімдерді енгізуге арналған Profit Industry & Energy Day 2026 мамандандырылған конференциясы өтті. Іс-шара Industry 4.0 практикалық кейстері мен заманауи технологиялық тақырыптарға арналды. Конференцияға IT саласының өкілдері, өнеркәсіпті дамыту институттары, ірі қазақстандық компаниялар мен сарапшылар қатысты.

Кездесуге офлайн және онлайн форматта қатысушылар өнеркәсіп пен энергетиканы цифрландыру үрдістері, пилоттық жобалар, бизнес-процестерді автоматтандырудың жаңа кезеңі, өнеркәсіптік жабдықтарға арналған шешімдер мен ақпаратты қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздіктегі адами фактор, роботтандыру, жасанды интеллект дәуірінде кадрларды даярлау және басқа да өзекті мәселелерді талқылады. Сонымен қатар компанияларда цифрландыру элементтері мен жасанды интеллектіні енгізу тәжірибесімен бөлісті.

Конференция жұмысына «QazIndustry» АҚ Цифрландыру және трансформация дирекциясының басшысы Заиниддин Абдужабаров қатысты. Ол «Өнеркәсіптік кәсіпорындардың цифрлық трансформациясы: автоматтандырудан цифрлық егіздерге дейін» тақырыбында баяндама жасап, автоматтандыру мен цифрлық трансформацияның айырмашылығы, acatech Неміс инженерлік ғылымдар академиясының технологиялық жетілу индексі, цифрлық егіздер, озық жүйелерді енгізудің тиімділігі, сондай-ақ өнеркәсіпті цифрландыруға арналған мемлекеттік қолдау шаралары туралы айтып берді.

QazIndustry өкілінің айтуынша, «деректердің толық әрі өзара байланысын қамтамасыз етпей, жасанды интеллектіні бірден енгізуге тырысу - пилоттық жобалардың сәтсіз аяқталуының басты себептерінің бірі». Сондықтан спикер жасанды интеллект шешімдерін дайындалмаған деректерге енгізбей, жұмысты алдымен кәсіпорынның acatech әдістемесі бойынша цифрлық жетілу деңгейін бағалаудан бастауды ұсынды. Жалпы алғанда, Қазақстанда цифрландырудың оң динамикасы байқалады. Егер 2020 жылы өңдеу өнеркәсібіндегі цифрлық технологияларды қолданатын ірі және орта кәсіпорындардың үлесі 6,1% болса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш шамамен 20%-ға жетті.

Конференция барысында QazIndustry шағын және орта бизнес субъектілеріне цифрлық жабдықтардың жекелеген түрлерін сатып алуға жұмсалған шығындардың 40%-дан 50%-ға дейінгі бөлігін өтейтіні, сондай-ақ кәсіпорындарға цифрландыру стратегияларын әзірлеу бойынша қызмет көрсететіні атап өтілді.