QazIndustry Басқарма төрағасы Корея кәсіпкерлеріне Қазақстанның АЭА мүмкіндіктерін таныстырды

9 -11 қыркүйек күндері Алматыда Корея Республикасының бизнес-қоғамдастығына арналған іскерлік іс-шара өтуде. Қазақстандағы Корея Республикасының Бас консулдығы мен Корея Республикасының Бас консулдығы жанындағы сауда бөлімінің (KOTRA) Алматыдағы кеңсесінің шақыруымен Қазақстанға арнайы экономикалық аймақтардың инвестициялық әлеуеті мен логистикалық мүмкіндіктерін зерделеу үшін еркін сауда аймақтарында жұмыс істейтін сегіз кореялық компанияның өкілдері келді.

Іс-шара барысында «QazIndustry» АҚ Басқарма төрағасы Эльдар Гумаров шетелдік инвесторларға АЭА-ның кореялық бизнес үшін Орталық Азиядағы өндірістік алаң ретіндегі әлеуетін таныстырды.

Сөз басында Э. Гумаров екі ел арасындағы экономикалық әріптестіктің берік негізі қалыптасқанын атап өтіп, айналасында автомобиль жасау экожүйесі қалыптасып келе жатқан Hyundai және Kia компанияларының Қазақстандағы табысты локализациясын мысалға келтірді.

QazIndustry басшысы Қазақстанның негізгі артықшылықтарына тоқталды. Олардың қатарында бай минералдық-шикізат базасы, қарқынды дамып келе жатқан өңдеу өнеркәсібі және Қытай мен Еуропаны байланыстыратын Орта дәліздегі тиімді транзиттік орналасуы. Инвесторларға 21 млн халқы бар ішкі нарықпен ғана шектелмей, 80 млн-нан астам тұтынушысы бар бүкіл Орталық Азияны бірыңғай өндірістік және өткізу алаңы ретінде қарастыру ұсынылды.

Бұдан кейін Э. Гумаров Қазақстанның АЭА мүмкіндіктерін таныстырып, арнайы қарастырылған преференцияларға тоқталды. Атап айтқанда, корпоративтік табыс салығының нөлдік мөлшерлемесі (стандартты 20%-дың орнына), сондай-ақ 7, 15 және 25 жыл мерзімге мүлік және жер салықтарынан босату қарастырылған. Сонымен қатар АЭА қатысушылары шикізат пен жабдықты импорттау кезінде кедендік әкелу баждарынан босатылады және ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесін қолдана алады. Бұдан бөлек, инфрақұрылымы дайын жер учаскелері ұсынылады, сондай-ақ ірі жобалар үшін шетелдік мамандарды квотасыз тартудың жеңілдетілген тәртібі қарастырылған.

Спикер инвесторларға ұзақ мерзімді жалға беруге дайын, кейін сатып алу құқығы бар және салалық шектеулері жоқ өндірістік алаңдарды ұсынатын индустриялық аймақтардың да рөлін атап өтті.

Сондай-ақ нақты көрсеткіштер келтірілді: қазіргі уақытта АЭА аумағында 11,5 трлн теңге инвестиция тартылған 561 жоба іске қосылған, тағы 607 жоба іске асырылуда. Ал индустриялық аймақтарда жалпы сомасы 2,5 трлн теңге болатын 339 жоба жұмыс істеп тұр, тағы 370 жобаны іске қосу жоспарланған.

Медициналық бұйымдар, автокомпоненттер, арнайы техника, жабдықтар, косметика, гигиена құралдары және денсаулыққа арналған тауарлар өндіретін сегіз кореялық компанияның қызмет бағыттарымен алдын ала танысқан спикер олардың әрқайсысының Қазақстанда нақты даму перспективалары бар екенін атап өтіп, кореялық өндірушілердің Қазақстандағы әлеуетті дамуына қатысты сараптамалық көзқарасын ұсынды.

Спикер кореялық технологиялар мен қазақстандық преференциялардың синергиясы бүкіл өңір үшін қуатты өндірістік құзыреттер қалыптастыруға жол ашатынын атап өтті.

Сөз соңында QazIndustry басшысы орталықтың АЭА мен индустриялық аймақтар бойынша бірыңғай үйлестіру орталығы ретіндегі рөлін атап өтті. Осы бағытта мамандар преференцияларды, қолайлы өңір мен өндірістік алаңды таңдауға, серіктестер мен тапсырыс берушілерді іздеуге, сондай-ақ әкімшілік кедергілерді жоюға көмектесуге дайын екенігін жеткізді.