Астанада бейнебақылау жүйелері мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған кешенді шешімдерді әзірлейтін және өндіретін әлемдегі ірі компаниялардың бірі – Hikvision халықаралық компаниясы ұйымдастырған «Мұнай-газ және энергетика салаларына арналған заманауи қауіпсіздік жүйелері» атты салалық конференция өтті.
Іс-шара Мемлекет басшысының өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту және өндірістік бақылауды цифрландыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында өтті. Бұл жағдайда еңбек қауіпсіздігін автоматтандыруға және өндірістік қауіптердің алдын алуға мүмкіндік беретін Индустрия 4.0 технологияларының маңызы артып отыр.
Шарада өнеркәсіптік кәсіпорындардағы цифрлық трансформация тақырыбында «QazIndustry» АҚ Цифрландыру және трансформация дирекциясының басшысы Заиниддин Абдужабаров баяндама жасады. Ол нақты жабдықтар мен олардың виртуалды модельдерін біртұтас циклге біріктіретін кибер-физикалық жүйе – цифрлық егіздер технологиясының мүмкіндіктерін таныстырды. Технологиялық деректер ағындарын тәулік бойы талдай отырып, цифрлық егіз жабдықтың істен шығу тәуекелдерін алдын ала есептеуге, жүктеме жағдайында түрлі сценарийлерді сынауға және жабдықтың жұмысын тікелей оңтайландыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте техникалық қызмет көрсету шығындарын азайтып, өндірістік оқиғалардың алдын алуға болады.
«Экономикалық тиімділігі әлемдік тәжірибеде дәлелденген: техникалық қызмет көрсету шығындары 20%-ға дейін төмендейді, ал предиктивті талдау жабдықтың істен шығуын апатқа дейін 20–25 күн бұрын анықтап, миллиондаған шығынның алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жабдықтың жалпы тиімділігі 5–10%-ға артып, энергия шығындары мен ақаулы өнім көлемі азаяды», – деді спикер.
З. Абдужабаровтың айтуынша, Қазақстандағы Индустрия 4.0 технологияларын өндірісте белсенді қолданатын ірі және орта өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының үлесі орта есеппен 20%-ға жуықтады. Бұл көрсеткіш бойынша металлургия (49,8%), мұнай өңдеу және полиграфия салалары алда келеді.
Сонымен бірге спикер негізсіз инвестициялардың алдын алу үшін жасанды интеллектіні тек тиісті деңгейде дайындалған деректер негізінде енгізу қажет екенін атап өтті. Оның пікірінше, цифрлық жетілу деңгейін, мысалы, acatech әдістемесі (Германия техникалық ғылымдар академиясының цифрлық жетілу индексі) бойынша бағалаудан бастаған тиімді. Айта кетейік, QazIndustry өнеркәсіптік кәсіпорындардың цифрлық жетілу деңгейін бағалау қызметін ұсынады.
Бұдан бөлек, спикер мемлекеттік ынталандыру мүмкіндіктеріне тоқталып, QazIndustry кәсіпорындардың цифрлық технологиялардың жекелеген түрлерін енгізуге жұмсаған шығындарының 40%-дан 50%-ға дейінгі бөлігін өтейтінін атап өтті.
Конференция барысында өнеркәсіптік, мұнай-газ және тау-кен нысандарына арналған заманауи шешімдер мен практикалық кейстер таныстырылды.
