ЕАЭО мүмкіндіктері отандық бизнеске арналған семинарда талқыланды

«QazIndustry» АҚ Экономикалық интеграция және халықаралық ынтымақтастық дирекциясы Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірлесіп, қазақстандық бизнес өкілдеріне ЕАЭО тетіктері бойынша онлайн-семинар өткізді. Іс-шараға өнеркәсіптік кәсіпорындардың, салалық қауымдастықтар мен қаржы институттарының 80-нен астам өкілі қатысты.

Семинар барысында кедендік-тарифтік реттеу, ЕАЭО аясындағы қорғау шаралары, мемлекеттік сатып алуларға арналған Еуразиялық тізілім және ЕАЭО шеңберіндегі бірлескен кооперациялық жобаларды қаржылық қолдау тетігі мәселелері қаралды. Аталмыш сұрақтар бойынша экономикалық интеграция және халықаралық ынтымақтастық дирекциясының басшысы Жанна Әубәкірова жан-жақты түсіндірме берді.

Атап айтқанда, спикер бірлескен кооперациялық жобаларды қаржылық қолдау, яғни кредиттік мөлшерлемені субсидиялау тетігі туралы айтып берді. Қатысушыларға негізгі шарттар мен талаптар, жобаларды іріктеу критерийлері, оларды бағалаудың балдық жүйесі, өтінім беру тәртібі және Еуразиялық экономикалық комиссияда қарау кезеңдері түсіндірілді.

Кедендік-тарифтік реттеу және қорғау шаралары бойынша импорттық кедендік баждарды белгілеу және қолдану тәртібі, тарифтік жеңілдіктер мен квоталарды пайдалану ерекшеліктері түсіндірілді. Қазақстандық кәсіпорындардың ішкі нарықты қорғау және өнімдерін ЕАЭО елдерінің нарықтарында ілгерілету мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.

Семинарда мемлекеттік сатып алуларға арналған Еуразиялық тізілімге қатысты сұрақтар да қаралды. Спикер тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді тізілімге енгізу тәртібі, өнімнің шығу тегін растауға қойылатын талаптар және ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қатысудың артықшылықтары туралы айтып берді.

Семинар сұрақ-жауап форматындағы белсенді пікірталаспен жалғасты. Қатысушылардың негізгі қызығушылығы тетіктерді іс жүзінде қолдану, қаржыландыру шарттары және құжаттарды ұсыну тәртібіне қатысты мәселелерге бағытталды.

QazIndustry өкілдері бизнес-қоғамдастық пен банктерді ЕАЭО құралдарын белсенді пайдалануға шақырды. Бұл өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге, мемлекеттік сатып алуларға қолжетімділікті жеңілдетуге, отандық өндірушілердің мүдделерін қорғауға және ЕАЭО аясында жеңілдікті қаржыландырудың қосымша көздерін тартуға мүмкіндік береді.

Қатысушылар іс-шараның өзектілігін атап өтіп, осындай оқыту кездесулерін одан әрі жалғастыруға қызығушылық білдірді.