«QazIndustry» АҚ қазақстандық инвесторлармен және қытайлық өндірушімен Hikvision өнімдерін Қазақстанда өндіру жобасын іске асыру туралы келісімге қол қойды.
Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында қытайлық Hikvision компаниясының өнімдерін шығаратын заманауи зауыт салынады. Кәсіпорынның құрамында өзінің зерттеу және әзірлемелер орталығы (R&D) болады.
Ауқымды жобаны іске асыру туралы келісімге 25 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Қазақстан–Қытай инвестициялық форумы аясында қол қойылды.
Құжат қазақстандық «M9 Projects and Investments» және «Partner R» компаниялары, «QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ, сондай-ақ қытайлық Hikvision Digital Technology Co., Ltd өндірушісі мен қытайлық компанияның Қазақстандағы ресми өкілдігі – «Hikvision Kazakhstan» ЖШС арасындағы әріптестікті бекітеді.
QazIndustry атынан құжатқа Басқарма төрағасының орынбасары Әділет Бектембаев қол қойды.
Жобаны отандық инвесторлар іске асырады. Кәсіпорында жабдықтар өндіріліп, жасанды интеллект негізіндегі бейнеталдау шешімдерін қоса алғанда, өз технологиялары әзірленеді.
Жобаны іске асыру аясында QazIndustry инвесторларға барлық кезеңде кешенді қолдау көрсетеді. Бұл ретте тауар өндірушілер тізіліміне енгізілу және арнайы экономикалық аймақ қатысушысы мәртебесін алу мәселелерінен бастап, өндірісті іске қосу кезеңіне дейін сүйемелдеу қарастырылған. Сондай-ақ QazIndustry елішілік құндылықты дамытуға, жергіліктендіру деңгейін арттыруға, отандық кәсіпорындармен берік кооперациялық байланыстар қалыптастыруға жәрдемдеседі. Бұдан бөлек, халықаралық компанияның мемлекеттік органдармен, әлеуетті тұтынушылармен және өнімді тапсырыс берушілермен өзара іс-қимылын үйлестіреді.
Айта кетейік, Hikvision – бейнебақылау, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған кешенді жүйелер, жасанды интеллект пен заттар интернетіне негізделген цифрлық шешімдер саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Компанияның өнімдері мен қызметтері әлемнің 180-нен астам елі мен өңірінде ұсынылған.

