QazIndustry бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету жөніндегі семинарда өз қызметтерін таныстырды

«QazIndustry» Қазақстандық индустрия және экспорт орталығы «Kazakh Invest» ҰК» АҚ ұйымдастыруымен өткен «Инвестициялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары» тақырыбындағы семинарда өз қызметтерін таныстырды. Іс-шараға бизнесті қолдаудың негізгі даму институттары – «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, Өнеркәсіпті дамыту қоры, Qazaqstan Investment Corporation, Қазақстанның Даму Банкі, Kazakh Export, QazTrade және «Атамекен» ҰКП өкілдері қатысты.

Семинар барысында сарапшылар бизнеске көрсетілетін қолдау шаралары, сондай-ақ қолданыстағы тетіктер мен бағдарламалар туралы айтып берді.

QazIndustry қызметтерін Қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау дирекциясының басшысы Жансая Жақыпова, Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту дирекциясының басшысы Бағлан Кенбейілов және Мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясының басшысы Айза Ерсариева таныстырды.

Ж. Жақыпова өз баяндамасында QazIndustry қызметінің негізгі бағыттарына тоқталып, олардың қатарында елішілік құндылықты дамыту, салалық талдау жүргізу, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың дамуын үйлестіру, Индустрияландырудың бірыңғай картасы аясындағы жобаларға мониторинг жүргізу, кәсіпорындарды цифрлық трансформациялау және ЕАЭО аясындағы өнеркәсіптік кооперация бар екенін атап өтті.

Сондай-ақ спикер Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің жұмысы мен кәсіпкерлер, оның ішінде инвесторлар үшін тізілімге енгізілудің артықшылықтарына тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі уақытта тізілімде өнеркәсіптің 7 197 субъектісі мен 76 мыңнан астам тауар қамтылған. Тізілімде машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, агроөнеркәсіптік кешен және химия өнеркәсібі кәсіпорындары белсенді ұсынылған.

Дирекция басшысы атап өткендей, Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінде болу реттелетін сатып алуларға, оның ішінде мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына қатысуға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алуға кең мүмкіндік береді.

Б. Кенбейілов Қазақстандағы арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың дамуын үйлестіру жұмысы мен инвесторларға ұсынылатын преференциялар туралы айтып берді. Қазіргі уақытта елімізде 18 АЭА және 69 индустриялық аймақ жұмыс істейді.

Атап айтқанда, АЭА қатысушыларына салықтық және кедендік преференциялар, соның ішінде бірқатар салықтар мен ҚҚС бойынша жеңілдіктер, сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен арнайы инвестициялық келісім жасасу мүмкіндігі беріледі. Бұдан бөлек, АЭА аумағында қызмет жүргізудің бүкіл кезеңіне дайын инфрақұрылымы бар жер учаскесі тегін ұсынылады, жерді басым тәртіппен сатып алу құқығы және шетелдік жұмыс күшін тартудың жеңілдетілген тәртібі қарастырылған.

Семинар барысында АЭА мен индустриялық аймақтардағы салықтық және кедендік жеңілдіктер, тегін жер учаскелері мен дайын инфрақұрылым өндірісті іске қосу кезеңіндегі инвесторлардың күрделі шығындарын азайтса, Қазақстандық тауар өндірушілер тізілімінің құралдары нарықта орнығуға және реттелетін сатып алуларда басымдық алуға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясының басшысы Айза Ерсариева QazIndustry ұсынатын мемлекеттік ынталандыру шараларын таныстырып, компаниялардың басым тауарларды ел ішінде теміржол арқылы тасымалдауға жұмсаған шығындарының 50%-ын өтеу және халықаралық сертификаттаудан өтуге жұмсалған шығындарды өтеу мөлшерін бес есеге арттыру бойынша жаңа мүмкіндіктерге ерекше назар аударды.

Кездесуге қатысушылар «QazIndustry» АҚ ұсынатын қызмет бағыттарына қызығушылық танытып, мұндай кездесулер бизнес-қоғамдастықпен одан әрі жұмыс істеу үшін мемлекеттік қолдау шаралары туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.