QazIndustry мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жолы Мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясының мамандары елордадағы жаңа Evolution Park жеке индустриялық аймағы басшылығының ұйымдастыруымен өткен Астана қаласының шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесуіне қатысты. Кездесуге қызметі әртүрлі бағыттағы 30-ға жуық кәсіпкер қатысты. Олардың қатарында тротуар плиткаларын, жиһаз және азық-түлік өнімдерін өндіретін кәсіпорындардан бастап, жоғары технологиялық металл конструкциялары мен спутниктер өндіретін компанияларға дейін бар.
Кәсіпкерлерге мемлекеттік ынталандыру шаралары, атап айтқанда, еңбек өнімділігін арттыруға және өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге бағытталған кәсіпорындар шығындарының бір бөлігін өтеу тетіктері таныстырылды. Бизнесті дамытуда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор болғандықтан, бұл мүмкіндіктер кездесуге қатысушылардың практикалық қызығушылығын тудырды.
Кездесу барысында Evolution Park-та өндірістік үй-жайларды жалға алу мүмкіндіктері де таныстырылды. Шағын индустриялық аймақ аумағында өндірісті іске қосуға дайын заманауи өндірістік үй-жайлар ұсынылады. Бұл мүмкіндік QazIndustry ұсынатын шығындардың бір бөлігін өтеу тетіктерімен үйлесіп, бизнесті дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Іс-шарада кәсіпкерлер мамандарға сұрақ қойып, қажетті әрі толық жауаптарын алды. Сондай-ақ одан әрі ынтымақтастық орнату үшін іскерлік байланыстар орнатылды.
