Машина жасаушыларға ЕАЭО аясындағы бизнеске арналған тетіктер түсіндірілді

Қазақстан машина жасаушылар одағы өңірлік өкілдерімен онлайн форматта кезекті жұмыс кездесуін өткізді. Күн тәртібіндегі мәселелердің бірі Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аясындағы отандық бизнеске арналған тетіктер болды. Бұл туралы машина жасау саласының өкілдеріне «QazIndustry» АҚ Экономикалық интеграция және халықаралық ынтымақтастық дирекциясының басшысы Жанна Әубәкірова айтып берді.

Спикер ЕАЭО аясындағы кооперациялық жобаларды қаржылық қолдау тетігі бойынша, яғни несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау жөніндегі егжей-тегжейлі таныстырылым жасады. Бұл тетік ЕАЭО-ға мүше Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы өнеркәсіптік кооперацияны ынталандыру мақсатында іске қосылған.

«ЕАЭО Одақ бюджеті есебінен бірлескен өнеркәсіптік жобаны іске асыру үшін несие алынатын елдегі банктің базалық мөлшерлемесін немесе қайта қаржыландыру мөлшерлемесін 100% субсидиялайды. Бұл кәсіпорындар үшін несиені іс жүзінде пайызсыз немесе ең төменгі қаржылық жүктемемен алуға мүмкіндік береді. Жоба қаржыландыруға ие болуы үшін бірқатар талаптарға сәйкес келіп, белгіленген өту балын жинауы қажет. Жобаға ЕАЭО-ға мүше кемінде үш елдің кәсіпорындары қатысуы тиіс», – деп түсіндірді Ж. Әубәкірова.

Сонымен қатар жобаларды іріктеу кезінде қосымша әрі жоғары балдар материалдар, жинақтаушы бөлшектер мен техникалық жабдықтарды жеткізуге ЕАЭО елдерінен серіктестер тартылған жағдайда беріледі. Сондай-ақ құрылатын өндіріс қазіргі уақытта ЕАЭО аумағында мүлдем өндірілмейтін өнім шығарса, қосымша балл қарастырылған.

Қазақстандық машина жасау және өнеркәсіп кәсіпорындары үшін бұл импортты алмастыратын және технологиялық тұрғыдан күрделі өндірістерді іске қосуға мүмкіндік беретін маңызды ынталандыру тетігі. Өнімнің бірегейлігі жоғары болған сайын Еуразиялық экономикалық комиссия тарапынан жеңілдікті қаржыландыру алуға басымдық беріледі.

Ж. Әубәкірова атап өткендей, қазіргі уақытта Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің шешімімен сегіз жоба мақұлданған, оның біреуі Қазақстан тарапынан ұсынылған. Комбайн кабиналарын өндіру жобасына ЕАЭО-ға мүше екі елден серіктестер тартылған.

Кездесу барысында QazIndustry қолдауымен кедендік баж мөлшерлемелері төмендетілген тауарлар да таныстырылды.

Сондай-ақ ЕАЭО елдерінің мемлекеттік сатып алуларына қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында тауарлар мен отандық өндірушілерді Еуразиялық тізілімге енгізу тәртібі түсіндірілді. Қазіргі уақытта QazIndustry мамандарының консультациялық қолдауы нәтижесінде тізілімге 26 қазақстандық компания өндіретін 4 мыңға жуық өнеркәсіптік тауар енгізілген.

QazIndustry-дің ЕАЭО бойынша таныстырылымы кездесуге қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, көптеген сұрақтар қойылды. Өйткені машина жасау кәсіпорындары көбіне мемлекетаралық кооперацияға, сенімді жинақтаушы бөлшектер жеткізушілерін іздеуге және ЕАЭО кеңістігінде өткізу нарықтарын кеңейтуге мүдделі.

Еске сала кетейік, QazIndustry Экономикалық интеграция және халықаралық ынтымақтастық дирекциясы ЕАЭО мәселелері бойынша бизнеске қолдау көрсетеді. Атап айтқанда, дирекция консультациялық қызметтер көрсетіп, Одақ аясында отандық өнеркәсіптік кәсіпорындардың мүдделерін қорғауға жәрдемдеседі. Бұл жұмыс тарифтік реттеу, мемлекеттік сатып алулар нарығына қолжетімділік, кедергілерді жою және өнеркәсіптік кооперация мәселелерін қамтиды.