QazIndustry ірі тапсырыс берушілердің өкілдерімен бірге Қарағанды облысындағы бірқатар кәсіпорындарға барды

12–13 қазанда QazIndustry өкілдері Қарағанды облысындағы өндірістік кәсіпорындарға ұйымдастырылған көшпелі сапар аясында ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдерімен бірге бірқатар кәсіпорынның жұмысымен танысты. Сапарға ERG компаниялар тобының, «Qarmet» АҚ, «Варваринское» АҚ, «Қазфосфат» ЖШС, «БАС gold» ЖШС және басқа да ірі жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдері қатысты. Сапардың негізгі мақсаты - қазақстандық өндірушілерді қолдау, отандық өндірісті дамытуға ықпал ету және елішілік құндылықты арттыру болып табылады.

Сапардың бірінші күні Қарағанды облысы әкімдігінің өкілдері, QazIndustry сарапшылары және қатты пайдалы қазбаларды өндіретін ірі жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың өкілдері арасында кездесу өтті. Кездесуде өңірдің өңдеу өнеркәсібін дамыту, ірі жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларындағы елішілік құндылық үлесін арттыру, отандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді келісімшарттар жасасу мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары және өндірісті жергіліктендіруге кедергі келтіретін мәселелерді шешу жолдары қарастырылды.

Екі күндік сапар аясында қатысушылар өңірдегі алты кәсіпорынның жұмысымен танысты. Олардың қатарында «Qaragandy metallurgia zauyty» ЖШС, «КазПолимер», «Rubber Group», «Қарағанды мойынтірек түйіндері фабрикасы», «Алтын-арна» және «Polymet Solutions Corporation» кәсіпорындары бар. Аталған кәсіпорындар өнеркәсіп, машина жасау және металл өңдеу салаларында, сондай-ақ тау-кен металлургиясы мен энергетика секторларына арналған жабдықтар өндіру бағытында жұмыс істейді.

QazIndustry сарапшылары кәсіпорындардағы өндірістік үдерістермен танысып, елішілік құндылықты арттыру мәселелерін талқылады. Өнеркәсіп кәсіпорындарының өкілдерімен өткен кездесулерде өндірісті жаңғыртуға және өнімді ішкі нарықта ілгерілетуге жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуге бағытталған мемлекеттік ынталандыру шаралары таныстырылды.

Айта кетейік, QazIndustry ірі тапсырыс берушілермен бірлесіп, отандық кәсіпорындарға көшпелі сапарларды тұрақты түрде ұйымдастырады. Бұл бағыттағы жүйелі жұмысты елішілік құндылықты дамыту дирекциясы жүргізеді. Дирекция отандық кәсіпорындарға ұзақ мерзімді өндірістік байланыстар орнатуға және өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдеседі. Сонымен қатар мұндай іс-шараларға мемлекеттік ынталандыру шаралары дирекциясының сарапшылары да қатысып, кәсіпорындардың шығындарын өтеу тетіктері бойынша кеңес береді.